Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда футбол менеджменті бойынша білім беру бағдарламасы іске қосылды

Алматыда Қазақстан футбол федерациясы мен Almaty Management University басшылары футбол бойынша білім беру бағдарламасын іске қосуды көздейтін меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жобаның негізгі мақсаты – футбол индустриясындағы менеджменттің біліктілігі мен құзыреттілігін арттыру. Ресми іс-шараның ашылуына Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, УЕФА ұлттық қауымдастықтарының стратегиялық даму департаментінің директоры Илья Китич және AlmaU университетінің ректоры Гүлнар Куренкеева қатысты.

Өз сөзінде, ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов: "Қазақстан футбол федерациясы УЕФА қолдауымен AlmaU университетімен бірлесіп білім беру курстарын іске қосады. Жыл сайын мыңнан астам маман даярлауымыз қажет. Қазіргі таңда біздің стратегиямызды жүзеге асыруға мамандардың 30 пайызы ғана бар. Жаңа мамандарды дайындау мен коммуникация жүйесін орнатуға баса назар аударамыз. Болашақта бұл тек қазақстандық мамандар болуы тиіс деп санаймын. Қысқа мерзімде, ең көп дегенде бес жыл ішінде осы жоспарымызды іске асыруымыз керек. Менің ойымша, бұл біздің қолымыздан келеді және бізде қажетті құралдардың бәрі бар", - деді.

Бұдан әрі УЕФА ұлттық қауымдастықтарының стратегиялық даму департаментінің директоры Илья Китич сөз алып, білім беру стратегияны жүзеге асырудың өте маңызды элементі екенін атап өтті.

”Осындай тарихи сәтте осында болу мен үшін мәртебе. Біз Әділет Назарбайұлы мен оның мықты командасын қолдаймыз. ҚФФ президентінің білім беру стратегияны жүзеге асырудың өте маңызды элементі деген ойымен толықтай келісемін”, – деді Илья Китич. Сондай-ақ, ол алғашқы шәкірттерді құттықтап, сәттілік тіледі.

"Футболды ұйымдастыруды басқару" тақырыбына арналған алғашқы білім беру бағдарламасы 27-29 наурыз аралығында өтті. "Қайрат" футбол клубының Т.С.Сегізбаев атындағы жасөспірімдер академиясында ұйымдастырылған білім беру курсына отандық футбол клубтардың жетекшілері қатысты.

“Кез келген саланы кәсіби менеджерлер басқарады, сондықтан біз кәсіби спортты басқару бағдарламасын ұйымдастырдық. Қарқынды бағдарлама операциялық стратегия және бизнес-процестерді басқару, қаржы және бизнес-аналитика, жанкүйерлермен жұмыс және футбол ұйымдастыру сияқты тақырыптарды қамтиды. Болашаққа жоспарымыз көп”, – дейді дейді AlmaU ректоры Гүлнар Куренкеева.

Оның айтуынша, онлайн форматта футбол менеджменті бойынша білім беру курсын өткізу жоспарланып, қазіргі уақытта кәсіби спортшыларға арналған бағдарлама дайындалып жатыр екен.

”Спорттағы мансап өте қысқа, сондықтан олардың спортта қалуы үшін қайта мамандануына мүмкіндік жасаймыз", - дейді AlmaU ректоры Гүлнар Куренкеева.

Интенсив бағдарламасында дәріс беру үшін Almaty Management University тәжірибелі оқытушылары – Владимир Матцов, Екатерина Милютина және Расима Баязитова шақырылды. Сондай-ақ, үш күндік курсқа футбол ұйымдарын басқару саласында академиялық және кәсіби тәжірибесі мол британиялық Ковентри университетінің профессоры Майкл Анагносту да арнайы келді.

"Футбол менеджменті – футбол клубтары мен спорт ұйымдарының басшылары, қызметкерлері үшін маңызды элемент. Өйткені біз ұйымның процесін басқаруды және бақылауды үйренеміз. Қазақстан футбол федерациясы мен AlmaU университетін жобаның сәтті басталуымен құттықтағым келеді. Бұл бағдарлама спорттық ұйымдардағы проблемаларды болдырмау үшін басшыларға арналған стандарт болуы керек. Қазіргі таңда спорт маркетингі, бренд менеджменті, спорт клубтары мен ұйымдарына қалай құндылық қосуға болады және мақсатты аудиториямызды, жанкүйерлерді қалай дұрыс анықтап, түсінуге болатыны жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ ең бастысы - біз жергілікті қауымдастық үшін тиімді бағдарламаларды қалай жасай аламыз”, – деді Ковентри университетінің профессоры Майкл Анагносту. 

Оқу курсын сәтті аяқтаған қатысушылар ҚФФ мен AlmaU-дың арнайы сертификаттары мен төсбелгілерін алды. Олар: Эрнис Есмағамбетов, Жандос Ахметов, Арслан Беспаев, Любовь Крайнова, Игорь Павлюк, Юрий Бондаренко, Ғалымжан Қаниев, Ахмад Әміров, Асылбек Шауалиев, Федор Симиниди, Мақсат Байжанов, Серікбай Өтегенов, Әлібек Нұртаев, Садық Мұстафа, Жәнібек өтті урымбаев, Владислав Казанков, Азамат Әшімов, Бауыржан Әбдубаитов, Мэлс Карамысов, Манарбек Ержанов, Оралбай Жақсымбетов.

Келесі білім беру курсы сәуір айының соңында онлайн форматта өтеді. Бұл бағдарлама футболға қызығушылық танытқан және  футбол индустриясын дамытуға ниет білдірген азаматтарға арналады.
 

Талқылау