Қазақстанда ер адам тұздалған қияр жегеннен кейін көз жұмды
Қостанай облысында 15 жыл ішінде алғаш рет үш адамда ботулизм тіркелді. Науқастардың бірі көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Анықталғандай науқастар үйде дайындалған консервілерді тұтынғаннан кейін уланып қалған.
Үш ер адам қатты улану белгілерімен Рудный қаласындағы ауруханаға түскен. Дәрігерлер олардан ботулизм диагнозын анықтады. Тергеу барысында олардың үйде дайындалған тұздалған қиярдан уланғаны белгілі болды. Дәрігерлер екі науқасты аман алып қалды, алайда үшіншісі көз жұмды.
"Зерттеу нәтижесінде тұздалған қиярдың қалдықтарынан ботулотоксин анықталды. Бұл ауру көбінесе дұрыс дайындалмаған немесе дұрыс сақталмаған консервілерді тұтыну нәтижесінде пайда болады. Әсіресе консервіленген саңырауқұлақтар, үрмебұршақ, шпинат және басқа да өнімдер қауіпті. Сонымен қатар кептірілген, тұздалған балық пен ет өнімдері де ботулизм тудыруы мүмкін", – деп түсіндірді Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зауре Ельшибаева.
Маңғыстау облысындағы балабақшада бүлдіршіндер жаппай уланғаны туралы ақпарат тарады
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бұл – соңғы 15 жылдағы облыста тіркелген алғашқы ботулизм оқиғасы.
Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, ботулизмнің алдын алудың басты жолы – консервілеу технологиясын дұрыс сақтау, өнімдерді мұқият термиялық өңдеу және сақтау шарттарын орындау. Егер консервінің қақпағы ісініп кетсе немесе жағымсыз иіс шықса, оны тұтынбаған жөн.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында бір топ оқушы жаппай уланып, ауруханаға түскені туралы жазған едік.