Қазақстанда енді пәтерді салықсыз сату үшін енді бір емес, екі жыл күту керек
Фото: Stan.kz
2026 жылдан бастап Қазақстанда меншік құқығында 2 жылдан аз уақыт болған тұрғын үйді сатқан кезде алынатын табысқа прогрессивті салық енгізу жоспарланып отыр. Қазір бұл шектеу бір жылмен шектеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nur.кz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда жаңа Салық кодексінің жобасы дайындалып жатыр. Ондағы кейбір баптар жылжымайтын мүлік нарығының ережелерін өзгертеді.
Атап айтқанда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа кодекстің 383-бабы күшіне енуі мүмкін. Бұл бап Қазақстан азаматтары жеке тұлғалар тұрғын үйді сатқан кезде туындайтын мүлік құнының өсімінен түскен табысты реттейді. Қазір қазақстандықтар тұрғын үйді 1 жылдан аз уақыт иелігінде ұстап, оны сатып алған бағасынан қымбатырақ сатса, яғни табыс тапса, жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті.
Бұл талап тұрғын үйге, саяжай құрылыстарына, гараждар мен автотұрақ орындарына, жеке қосалқы шаруашылық нысандарына, сондай-ақ саяжай және жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша немесе гараж салу үшін берілген жер телімдеріне қатысты. Қалған жылжымайтын мүлікті сатқанда иелену мерзіміне қарамастан, салық төлеу қажет.
Мысалы, азамат жеке тұрғын үйді 20 миллион теңгеге сатып алып, оны бір жылдан кем уақыт ішінде 25 миллион теңгеге сатса, 5 миллион теңге "пайдадан" 10% көлемінде салық төлеуге тиіс. Бұл жағдайда жеке табыс салығының көлемі – 500 мың теңге.
Яғни егер тұрғын үй сатып алынған бағадан арзанға сатылса салық төленбейді. Сондай-ақ тұрғын үй бір жылдан кейін сатылса құн өсімінен салық алынбайды. Айта кетейік, бұл ереже сатып алынбаған, мысалы, сыйға берілген тұрғын үйлерге де қатысты. Келер жылдан бастап бұл механизм өзгеруі мүмкін. Ең алдымен, пәтерді сатқан кезде салық төлеуден босатылу үшін жылжымайтын мүлікті иелену мерзімі екі жылға дейін ұзартылады. Яғни пәтерді салық төлемей сату үшін енді бұрынғыдай бір жыл емес, екі жыл күтуге тура келеді.
Екіншіден, жаңа Салық кодексінде жеке табыс салығына арналған прогрессивті шкала енгізіледі. Бұл тұрғын үйді сатқанда құн өсімінен алынатын табыс салығына да қатысты болмақ.
2026 жылдан бастап, тұрғын үйді сатқаннан түскен табыс 8 500 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, салық бұрынғыдай 10% болады. Ал егер табыс осы межеден асса, артық сомаға 15% салық салынады.
2025 жылы 8 500 АЕК 33 422 000 теңгеге тең (1 АЕК = 3 932 теңге). 2026 жылы бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін, сәйкесінше салық салынатын табыс шегі де өседі.
Жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бұл қалай жұмыс істейді:
- егер тұрғын үй 2 жылдан артық иелікте болса – жеке табыс салығы (ЖТС) төленбейді;
- егер 2 жылдан аз иелікте болып, бірақ арзанға сатылса – салық салынбайды;
- егер 2 жылдан аз иелікте болып, қымбатыраққа сатылса – құн өсімінен 10% салық төленеді;
- егер құн өсімі 8 500 АЕК-тен асып кетсе – 8 500 АЕК-ке дейінгі сомаға 10%, ал артық сомаға – 15% мөлшерлеме қолданылады.
Мысалы, пәтер 100 миллион теңгеге сатылды. Ол пәтер екі жылдан аз уақыт бұрын 60 миллион теңгеге сатып алынған. Яғни меншік иесі 40 миллион теңге көлемінде табыс тапты.
33,4 миллион теңге (2025 жылғы дерек бойынша) сомасынан 10% есептеледі – 3,3 миллион теңге салық. Қалған 6,6 миллион теңгеден 15% есептеледі – 1 миллион теңге салық. Жалпы салық көлемі 4,3 миллион теңге.
Демек, көп жағдайда салық мөлшерлемесі бұрынғыдай 10% болып қала береді. 15% мөлшерлеме тек өте қымбат жылжымайтын мүлікке, яғни үлкен үстеме бағамен сатылатын пәтерлер мен үйлерге қатысты қолданылады. "Крыша" порталының болжамынша, бұл өзгерістер 2026 жылдан бастап жаңа ережелер күшіне енгенге дейін нарықта белсенділік артуына әкелуі мүмкін. Көп адам сол уақытқа дейін үйін сатып үлгеруге тырысады.
Сарапшылар атап өткен басқа да ықтимал өзгерістер:
- "Жылдам сатылымдардың" азаюы. Адамдар пәтерді сатып алғаннан кейін алғашқы 2 жылда сирек сататын болады;
- Қымбат үйлер сегментіне әсері. Үлкен қалаларда элиталық пәтерлер мен үйлерге салынатын салық өседі. Бұл ондай мүлікке қатысты мәмілелер санын азайтады;
- Құжаттағы бағаны төмендету. Салықты аз төлеу үшін сатушылар құжатта пәтер бағасын әдейі төмен көрсететін жағдайлар жиілеуі мүмкін. Бірақ бұл заңсыз әрі сатып алушы үшін тәуекел тудырады.
Сонымен қатар жылжымайтын мүлік бағасының өсуі де жоққа шығарылмайды, өйткені сатушылар салықты пәтер бағасына қоса бастайды. Бұған қоса, қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-ға дейін көтерілуі де шаршы метр бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.
Ақтөбелік келіншек туыстарын үй алып беремін деп алдап соққан
Қазақстанда ипотекалық несие беру талаптары қатаңдатылмақ
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа пәтерлердің бағасы өсіп жатқанын жазған едік. Жыл соңына дейін жаңа пәтерлердің құны тағы 15-20% көтерілуі мүмкін дейді мамандар. Қазір елімізде пәтер қымбатшылығы бойынша Алматы бірінші орында. Мұнда бір бөлмелі үйдің бағасы 20 миллионнан басталады. Оның өзі шет аудандарда. Ал орталықтан баспаналы болғысы келгендердің қалтасында 25-30 миллион теңгесі болуы керек. Онда да ескі үйлердегі пәтер. Ал жаңа тұрғын үй кешендеріндегі баспана тіпті қолжетімсіз. Олардың құны жыл басынан бері 8% көтеріліпті.

1 теңге салықтық қарызы үшін депозиттен ақшасын ала алмаған: Қазақстандық әйел банктен қаржы алу кезінде тап болған қиындығын айтты
