Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді мемлекеттік мекемелердің басшылары кәсіпкерлікпен айналыса алады

мемлекеттік қызметкерлер енді кәсіппен айналыса аладыФото: Stan.kz / gemini көмегімен жасалған

Қазақстанда мемлекеттік мекемелердің басшылары енді кәсіпкерлікпен айналыса алады. Сенат мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғаларға қатысты кәсіпкерлік және басқа да ақылы қызметпен айналысуға тыйымды жою туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенат мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғаларға кәсіпкерлік және басқа да ақылы қызметпен айналысуға қатысты жалпы тыйымды жою туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. 

Заң жобасына сәйкес мемлекеттік қызмет функцияларын атқаратын тұлғаларға теңестірілген адамдарға кәсіпкерлік және басқа да ақылы қызметпен айналысуға арналған жалпы тыйым алынып тасталады. Негізінен бұл мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары және ресми түрде мемлекеттік қызметкер болмағанымен, мәртебесі мен шектеулері бойынша оларға теңестірілген басқа да басқарушыларға қатысты.

Сонымен бірге кейбір категориядағы адамдар үшін қолданыстағы шектеулер сақталады. Кәсіпкерлік қызметке әлі де тыйым салынатындар:

•    кәсіби тұрақты негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері;

•    Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметкерлері;

•    ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшылары.

Заңға сәйкес мемлекеттік қызмет функцияларын атқаратын тұлғаларға теңестірілген адамдар үшін кәсіпкерлік қызмет тек лауазымдық міндетке кедергі келтірмеген, мемлекеттік мүлік пайдаланылмаған және мүдделер қақтығысы туындамаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.



Еске салайық, былтыр Қазақстанда мектеп пен аурухана директорларына бизнеспен айналысып, қосымша табыс табуға рұқсат берілетінін жазған едік. Заң жобасына сәйкес облыстық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда және коммуналдық мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқаратындарға кәсіппен айналысуға рұқсат берілмек. 

Айым Атамбаева
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 11:52