Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанда енді халық емшілері лицензияланбақ

Фото: Cabar Asia

Қазақстанда дәстүрлі емес медицина қызметін көрсететін практик дәрігерлерге лицензия беруді енгізу жоспарланып жатыр. Мұны медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жақында сенатор Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалында дәстүрлі емес медицина саласының құқықтық реттелмегені мәселесіне тоқталды. Ол осы сала өкілдерін лицензиялауды енгізуді ұсынды.

Бауыржан Жүсіпов басқарманың бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеткенін хабарлады.

"Осы депутаттық сауал бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл нормаларды әрі қарай пысықтаймыз... Менің ойымша, заңнама аясында біз парламентпен бірлесе жұмыс істейміз. Жақын арада бұл нормаларды заңдарымызға енгізу мақсатында белгілі бір заңнамалық түзетулер әзірлейміз деп ойлаймыз", – деді ол үкіметте өткен брифингте.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан халық емі практиктерінің қызметін реттеуді бастау керек деген пікірмен келісті.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін сәбидің маңдайын кесіп, хиджама жасаған видео қоғамдық талқыға түскен еді. Осыдан кейін денсаулық сақтау министрі сәбиге хиджама жасағандарға қатысты пікір білдіріп, хиджама үшін лицензия берілмейтінін мәлімдеді. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 29 Сәуір, 2025 15:38
Талқылау