Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 200 мың теңгеге көтеру туралы петиция жарияланды

Фото: Stan.kz

Қазақстан азаматы Диас Абайұлы GosRating.com сайтында Қазақстандағы ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 200 мың теңгеге көтеруді талап еткен петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Диас Абайұлының мәлімдеуінше, қазіргі таңда Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңге, яғни шамамен 160 долларға шамалас. Бұл көрсеткіш аймақта ғана емес, әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда да ең төмен деңгейде.

Салыстыру үшін:
•    Түркіменстанда ең төменгі жалақы – 200 мың теңге (шамамен 400 доллар).
•    Балтық елдерінде (Эстония, Латвия, Литва) – 500–600 мың теңге (1000–1200 доллар).
•    Эквадорда – 470 АҚШ доллары (шамамен 270 мың теңге).
•    Осылайша, Қазақстандағы ең төменгі жалақы Түркіменстаннан 2,5 есе, ал Литвадан 8 есе төмен.

Автордың айтуынша, 85 мың теңге көлеміндегі айлық бір отбасын асырауға, азық-түлік пен күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз. Әсіресе Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда немесе Тараз секілді өңірлік орталықтарда бұл мәселе айқын сезіледі.

Осыған байланысты Диас Абайұлы Қазақстан азаматтарының атынан ең төменгі жалақыны кемінде 200 мың теңгеге дейін көтеруді талап етеді. Бұл деңгей Түркіменстанмен теңесіп, халықтың өмір сүру сапасын халықаралық стандарттарға жақындататынын айтады. Сонымен қатар ол қазақстандықтарды осы бастаманы қолдауға, петицияға қол қоюға және ақпаратты таратуға шақырды.


Тариф көтерілуі, инфляция: Қазақстандықтардың жалақысы өсіп жатқан жоқ


 

Қазақстанда көпбалалы отбасылар мен наградталған аналар қанша сомада жәрдемақы алды


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде қалып отырғанын жаздық. Бұған дейін жауапты министрліктер жалақының көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда үкімет вице-премьері Серік Жұманғарин бұл мәселе күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеді. Қаржы министрі Мәди Такиев те бұған дейінгі сөзін ресми жоспар емес, тек болжамды деректерге сүйеніп айтқанын түсіндірді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 14:46
Талқылау