Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда докторанттар диссертация жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады

Қазақстанда диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді. Бұл туралы ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, енді диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталады. Докторанттың зерттеу тақырыптары әралуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалады.

"Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады. Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді. Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысатын болады", - деп жазды Facebook-те министр.

Ол былтыр докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын еске салды. Бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. 

"Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алады. Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді", - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бұл балама әдіс ретінде пайдаланылатынын атап өтті. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.

Сонымен қатар ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.

"Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез-келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар", - деді білім министрі.



Бұдан бөлек, докторанттың диссертациясы толық дайын болған кезде кафедраның кеңейтілген отырысында ғылыми жұмыс бір рет талқылаудан өтеді. Негізгі талқылау жұмыстары диссертацияны қорғау кезінде жүргізіледі. Осылайша қорғау сапасы жақсарып, диссертациялық кеңестердің жауапкершілігі артады.

"Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары үшінші жыл қатарынан PhD дәрежесін өздері тағайындап, жеке үлгідегі дипломдар беріп жатыр. Енді ұлттық жоғары оқу орындары докторанттардың жарияланымдарына өз шешімдері бойынша, қосымша, жоғары талаптар қоя алады", - деді ол.

Сондай-ақ ел азаматтары диссертацияны онлайн форматта қорғай алады.

"Бұл – әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе. Пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертацияны қорғауды онлайн форматта өткізген еді", - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Ол жылы жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары нормативтік құжаттарда бекітілгенін де еске салды. Жарияланымдарға қойылатын талаптар күшейтілді. Сәйкесінше отандық ғылыми журналдар да контент сапасына ерекше назар аудара бастады. Бұл шешім былтыр сәуір айында қабылданғанымен, журналдарға қойылатын жаңа талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Яғни, баспаларға өз журналдарын жаңа сапалы талаптарға бейімдей алуы үшін жеткілікті уақыт берілді.

Сонымен бірге білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті қабылдаған басылымдарының жаңа тізіліміне 31 журнал кірді. Бұл журналдардың қатары әлі де артатын болады.

"Қорыта айтқанда, енгізілген жаңа өзгерістер диссертацияны қорғау және диссертациялық кеңес қызметіне қатысты түрлі аспектілерді қамтыды.

Қабылданған басқа да өзгерістермен қатар бұл жаңашылдықтар диссертациялық кеңестер жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға негіз болады деп сенемін", - деп түйіндеді министр.

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 05 Сәуір, 2021 11:56
Талқылау