Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыссыз қалуы мүмкін: ШҚО-да кәсіпкерлер дизель бағасының өсуіне қатысты назын білдірді

Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері дизель отынының тапшылығы мен қымбаттауы бизнеске кері әсерін тигізетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

дизельСурет:түсірілімнен скриншот

Ірі тау-кен көлігі, құрылыс-жол компанияларының өкілдері, жер қойнауын пайдаланушылар, ауыл шаруашылығы өндірушілері дабыл қағып, дизель тапшылығы орын алғанына шағымданды. Техниканың бір бірлігіне белгіленген лимит кәсіпорындардың қажеттіліктерін өтемейді. 

Қазақстанда дизель отыны күрт қымбаттады. Ағымдағы жылы баға литріне 260 теңгеден 450 теңгеге дейін өсті. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір компаниялар жұмысын тоқтатып, жұмысшыларды өтемақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. 

“Аудан, облыс деңгейіндегі әлеуметтік жағдай төмендеп, жұмыссыздар саны көбейеді. Мысалы, біздің компанияда 120 адам жұмыс істейді. Егер компания жұмысын тоқтатса, 120 адам уақытша жұмыссыздар қатарына кіреді”, – деді кәсіпкер Әмір Рысақов.

Қымбатшылық азық-түлік нарығына да әсер етуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары дизель отынын жеңілдікпен алып жүрген. Енді жеңілдік жоқ болғандықтан, сәйкесінше азық-түлік те қымбаттайды.

Кәсіпкерлердің бірі бұл күнбағыс майының қымбаттауына да әсер ететінін атап өтті.

“Қазір жиі жаңбыр жауады, тазалау жұмыстары жүреді, ал бұл дақылды кептіру үшін дизель отыны керек. Ол жетіспей жатқандықтан, нәтижесінде өнімнің бір бөлігі жоғалып кетуі мүмкін. Нарықта күнбағыс пен күнбағыс майының жетіспеушілігі пайда болады және бұл қайтадан бағаға әсер етеді”, – дейді кәсіпкер Фарид Абитаев.

"Ақ жол" партиясының облыстық филиалында коммуналдық қызметтер тарифтерінің қымбаттау қаупі бар екені аталды.

“Отынды электр энергиясы мен жылу өндіретін жылу станциялары пайдаланады. Сол үшін электр энергиясы мен жылу тарифтері қымбаттауы мүмкін”, – деп түсіндірді "Ақжол"демократиялық партиясы филиалының төрағасы Шыңғыс Риаханов.

Кәсіпкерлік басқармасында алыпсатарлық, тапшылық фактілері байқалса, энергетика министрлігіне хабарласуға кеңес берілді. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер үкіметке дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу туралы ұсыныстарымен хат жолдауға ниетті. Сондай-ақ, өңірлерде жаңа шағын мұнай өңдеу зауыттарын ашу үшін жағдай жасау туралы талап қоймақ.

Талқылау