Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда декретке шыққан әкелердің бала күтіміне кеткен жылдары еңбек өтіліне қосылады

Қазақстанда декретке шыққан әкелердің бала күтіміне кеткен жылдары еңбек өтіліне қосылады

Фото: Ru.freepik.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы тағайындау ережелеріне өзгерістер енгізді. Енді әкелердің бала күтімімен өткізген жылдары еңбек өтіліне есептеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазір декретте өткізген уақыт әйелдерге ғана қосылады. Конституциялық сот бұл норманы кемсітушілік деп танып, оны қайта қарауды талап етті. Енді отбасының негізгі тәрбиешісі рөліндегі әкелер зейнетақы құқықтарынан айырылмайды. Десе де бұл уақыт 12 жылдан аспау керек. Бұл әсіресе анасы жұмыс істеп, мансап құрып жатқанда, баламен үйде әкесі отыратын отбасылар үшін маңызды.

Осылайша елімізде жасқа байланысты зейнетақы есептеген кезде балаларды іс жүзінде тәрбиелеген әкелерге тең құқық беру жоспарланып отыр.

“Бұл түзету 3 жасқа дейінгі кішкентай балаларға күтім жасаған, жұмыс істемейтін әкелердің зейнетақы мөлшерін белгілеу кезінде олардың құқықтарын іске асырудағы кемсітушілікке жол бермейді”, – делінген құжатта.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда шамамен 900 әке бала күтімімен айналысып, 1,5 жасқа дейінгі сәбиге арналған әлеуметтік төлемдер алып отыр.

Елімізде жыл сайын шамамен 200 мың адамға жасына байланысты зейнетақы тағайындалады. 2024 жылы зейнетке 191 мың адам шықты, олардың ішінде 106 мыңы – әйелдер.

Орташа зейнетақы төлемі айына – 116,2 мың теңге. Қазір зейнетақыны есептеу кезінде жұмыс істемейтін ананың 3 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысқан уақыты еңбек өтіліне қосылады. Бұл норма шамамен зейнетке “жаңадан” шыққандардың 30%-на қатысты қолданылады. Мысалы, 2024 жылы бала күтімімен айналысқан кезең 52 мың әйелдің еңбек өтіліне есептелген.

Тиісті өзгерістер енгізілген құжат жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 24 қыркүйекке дейін жалғасады.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 07 Қыркүйек, 2025 12:20
Талқылау