Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға дейін төмендейді – Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: istockphoto.com
Денсаулық сақтау министрлігі дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасын 30%-ға дейін төмендетуге уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік дәрі-дәрмектердің бағасын белгілеу жүйесін жан-жақты қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Амбулаториялық және стационарлық емдеуге арналған тегін дәрілерге бағаны 19%-ға дейін төмендету жоспарланса, ал бөлшек дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасы 30%-ға дейін арзандатылады.
Жаңартылған тізімге енгендер:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде:
- 3475 дәрілік зат атауы
- 2917 медициналық бұйым
Бөлшек және көтерме саудаға арналған:
- 5936 дәрілік препарат
Бағаның орташа төмендеу көрсеткіштері:
- 2222 дәрі бойынша – 18%-ға дейін
- 1847 медициналық бұйым бойынша – 14%-ға дейін
5492 дәрі-дәрмек атауы бөлшек нарықта – 30%-ға дейін
Министрлік мәліметінше, әр дәрінің шекті бағасы оның шығарылу түрі, дозасы, концентрациясы, көлемі мен қаптамасына қарай, бірлік өлшеммен есептеліп бекітілген. Сонымен қатар, бөлшек және көтерме саудаға арналған дәрілердің бағалары 10 референттік елдегі (Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан) өндірушілердің шекті бағалары негізінде қалыптастырылған. Бұл үшін Navlin Price & Access Data халықаралық деректер базасы пайдаланылған.
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылады – Асхат Аймағамбетов
"Механизм бағаны тұрақты түрде бақылап, оның нарықтағы нақты жағдайға сәйкестігін тексеруге көмектеседі. Бұл бағаның себепсіз қымбаттамайтынын, ал бағаны негізсіз көтеру немесе спекуляция жасау әрекеттері тез анықталып, жойылатынын білдіреді", – делінген денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін енді қазақстандықтардың дәрігерге бармай-ақ дәрі-дәрмекке рецепт ала алатыны туралы жазған едік.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
