Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының өсу себебі анықталды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрі-дәрмек құнының өсуіне ықпал ететін аспектілерді анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"Дәрі-дәрмек бағасының жасанды өсуіне жол бермеу мақсатында агенттік фармацевтикалық нарықта жүйелі жұмыс жүргізуде. Осылайша, дәрі-дәрмектің көтерме сауда нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдау аясында дәрі-дәрмек бағасының айтарлықтай өсуіне ықпал ететін проблемалық аспектілер анықталды", – делінген хабарламада.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінің жетілдірілмегендігі және министрлікке қарасты ұйымдардың жұмысындағы кемшіліктер себеп болып отыр деп есептейді.

"Шекті бағаларды белгілеудің қазіргі әдістемесі генерикалық дәрілердің бағасын жасанды түрде көтеруге мүмкіндік береді. Ал әлемде мұндай дәрілердің бағасы 30%-ға немесе одан да арзан. Жұмыстағы кемшіліктер көршілес елдердегі бағалармен үстірт салыстырудан көрінеді. Бұл кемшіліктер "Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында" кездеседі. Олар өтініш берушілердің ұсынған деректеріне ғана сүйенеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ашықтық жоқ. "СК-Фармация" компаниясы өндірушілерден тікелей дәрі сатып алуға жеткілікті көңіл бөлмейді. Мұның бәрі бюджет қаражатының артық жұмсалуына әкеледі", – делінген хабарламада.

Агенттіктің мәлімдеуінше, "СК-Фармация" компаниясы баға бәсекелестігіне қызығушылық танытпайды. Себебі оның пайдасы сатып алынған дәрілердің бағасына 5%-7% үстеме қосу арқылы есептеледі. Яғни, дәрі бағасы қаншалықты жоғары болса, дистрибьютордың пайдасы да соғұрлым көп болады.

"Аталған тәуекелдердің алдын алу мақсатында ведомство Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне ықпал ететін себептерді жою бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы ұсынымдар берді. 2024 жылғы 25 желтоқсанда уәкілетті орган дәрілік заттарға шекті бағалар мен үстемелерді белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізді, бұл бағаны реттеу тәсілдерін өзгертті. Жоспар бағаға анықтама беру үшін баламалы ақпарат көздерін енгізуді, генериктердің бағасын бастапқы дәрілік препараттың бағасынан 30%-ға төмендетуді, дәрі-дәрмек құнына қосылатын қосымша шығындарды азайтуды және үстеме бағаларды қайта қарауды қамтиды”, – деп мәлімдеді агенттік.

Айта кетейік, елімізде алдағы уақытта дәрі-дәрмек құны 10-25%-ға дейін арзандайтыны айтылған болатын.

Талқылау