Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда COVID-19 жағдайының нашарлауына байланысты карантин күшейтілді

Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралмауы жөніндегі ведомствоаралық комиссия 12 қаңтардағы отырысында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және омикрон штаммының айналымына байланысты республикада санитарлық-карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, сауда орталықтарына, сауда үйлеріне және караокеге тек "жасыл" мәртебесі бар тұлғаларға ғана кіруге рұқсат беру нормасын кеңейту туралы шешім қабылданды.

13 қаңтардан бастап омикрон штаммының айналымын ескере отырып, СПА-ға, сауықтыру және фитнес орталықтарына кіру тек "жасыл" мәртебесі бар адамдар үшін мүмкін болады.

15 қаңтардан бастап вакцинация мәртебесіне қарамастан, шетелден келетіндердің барлығына ПТР сынамасы теріс болуы керек.

Сондай-ақ "қызыл" аймақтағы қалалар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысында шектеу шараларын күшейту ұсынылды:

  • Ашық нысандарында 30 адам қатысатын еске алу шараларын қоспағанда, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
  • ойын-сауық, мәдениет мекемелерінің қызметіне, діни рәсімдерді және барлық түрдегі конференциялар мен семинарларды өткізуге тыйым салу;
  • бір үстелде тамақтанатын қонақтардың санын төрт адамға дейін қысқарту;
  • мектеп оқушыларын оқытудың онлайн форматы – 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін, колледждер мен жоғары оқу орындарының барлық курстарының студенттері үшін оқыту – 2022 жылғы 6 ақпанға дейін;
  • білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің жұмысын онлайн форматқа көшіру;
  • мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындар қызметкерлерінің кемінде 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс;
  • әлеуметтік қашықтықты сақтай алу үшін қоғамдық көліктер санын көбейту.

Ведомствоаралық комиссия отырысы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтті.  Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс басшылары қатысты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.  Ол эпидемиологиялық жағдайдың нашарлап бара жатқанын атап өтті.  Тек соңғы 24 сағаттың ішінде ПТР сынамасы оң нәтиже берген төрт мыңнан астам адам анықталды.  Қазірдің өзінде төрт облыс "қызыл" аймаққа оралды.

Талқылау