Қазақстанда БЖЗҚ-дан төлететін зейнетақылар 5 пайызға өседі: Кімдердің төлемдері көбейетіні белгілі болды
Фото: depositphotos.com
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы алушылардың бір бөлігінің төлемдері 5 %-ға өседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, зейнетақы төлемдерін алғаш рет ала бастайтын азаматтар үшін ай сайынғы төлем мынадай тәртіппен есептеледі:
- зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарын төлеу мөлшерлемесі – 6,5 пайызға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді;
- кейінгі жылдары ай сайынғы төлем мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне сәйкес 5 пайызға арттырылады.
“БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70%-на тең. 2026 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге. Ал ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері шектелмейді және ол алушының зейнетақы жинақтарының көлеміне тікелей байланысты”, – делінген қор хабарламасында.
Салық пен айыппұл өсіп, қымбатшылық басталады: 2026 жылдан бастап Қазақстанда не өзгереді?
Әдістемеде төменде көрсетілген санаттарға жататын азаматтар үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде қолдануға болатын арттырушы түзету коэффициенттері көзделген:
- мерзімсіз уақытқа белгіленген I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жиынтығында кемінде 60 ай төленген және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар.
Егер азамат жоғарыда көрсетілген екі талапқа бірдей сәйкес келсе, ең жоғары мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.
“Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөлшері тұрақты түрде аударылатын зейнетақы жарналары мен жинақталған инвестициялық кіріс есебінен қалыптасатын зейнетақы жинақтарының көлеміне тікелей тәуелді. БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Жеке зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылатындықтан, олар азаматтық заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін 2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі бірден 10% өсетінін жазған едік.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар