Халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен түлектер "Болашақ" бағдарламасымен білім ала алады
Мәжіліс отырысында депутаттар "Болашақ" бағдарламасын кеңейту туралы норманы қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Депутат Асхат Аймағамбетов мәліметінше, бағдарлама бойынша мектепте халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында жеңіске жеткен талапкерлерге шетелде бакалавриатта білім алуға мүмкіндік беру ұсынылады.
Қазір "Болашақ" бағдарламасы тек магистратура мен докторантураға арналған.
"Жетекші шетелдік университеттер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына бірден бакалавриатқа грант ұсынады, соның нәтижесінде олар шетелге кетіп қалады. Осы кезеңде біз тиісті қолдау ұсына алмадық, сондықтан біз жиі мұндай дарынды жастардан айырылып қалдық. Олар тек шетелде білім алып қоймай, кейін сол жақта қалып қоятын еді", – деп түсіндірді Аймағамбетов.
Аймағамбетов алдағы уақытта жағдай өзгеретінін және елімізде жас таланттарды ұстап қалуға көбірек мүмкіндік пайда болатынын айтты.
Айта кетейік, "Болашақ" бағдарламасы бойынша гранттар мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.
Еске салайық, бұған дейін "Болашақ" бағдарламасының түлектеріне оқу қарызын өтемей-ақ, шетелде жұмыс істеуге рұқсат етілетінін жаздық. Ғылым және жоғары білім министрлігі "Болашақ" стипендиясын алу ережелеріне осындай жаңашылдық енгізуді ұсынып отыр. Министрліктің ұсынысы әлі қабылданған жоқ. Үкімет қаулысының жобасы "Ашық құқықтық актілер" порталында жарияланды.