Қазақстанда бірнеше медициналық жоғарғы оқу орны түлектері дәрігер саналмайтын болды
"Қоғамдық денсаулық сақтау" және "медициналық-профилактикалық іс" факультеттерінің түлектері медициналық жоғары оқу орнын бітіргеніне қарамастан енді дәрігер саналмайды. Гүлдара Нұрымова депутаттық сауалында жас мамандардың мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот
Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 14 сәуірдегі бұйрығымен олардың біліктілігі пен жалақысына қатысты өзгерістер енгізілді. Біліктілігі мен жоғары білімі бар екеніне қарамастан, бірдей жұмыс істей тұра түлектер әріптестерінен аз жалақы алады.
Медициналық ұйымдардағы жоғары биологиялық білімі бар зертхана мамандарының жағдайы да осындай.
Еліміздің медициналық ұйымдарының зертханаларында шамамен 70% (1168 қызметкер) жоғары биологиялық білімі бар маман жұмыс істейді. Олар зертханалық дәрігерлермен бірдей функционалдық міндет атқарады.
"Олардың көбі бір кездері медициналық жоғары оқу орындарының жанындағы дипломнан кейінгі білім беру базаларында зертханалық диагностика бойынша бастапқы кәсіптік қайта даярлаудан өтті, ондаған жылдар бойы дәрігер-зертханашылар болып жұмыс істеді, мол тәжірибесі бар. Бірақ осы бұйрықтан кейін зертханашы дәрігердің ставкасынан техникалық персоналдың жалақысымен бірдей зертхана маманының ставкасына ауыстырылды. Олардың жұмысы инфекциялық және жұқпалы биологиялық материалмен, улы химикаттармен және жабдықтың зиян сәулеленуімен байланысты. Бұл мамандардың тәжірибесі мен әсіресе пандемия кезіндегі медицинаға қосқан үлесін ескере отырып, олардың осындай түсініксіз жағдайда қалғаны әділетсіз деп санаймыз", – деді депутат.
Оның айтуынша, "Биомедицина", "Биология" мамандықтарына қабылдау кезінде оларды зертханашы-дәрігер қылып шығарамыз деп уәде берген. Бірақ соңында олар "зертхана маманы" ретінде білім алды.
"Медициналық-биологиялық іс", "Биотехнология" факультеттерін бітірген педагогикалық университеттердің түлектері бар. Олар бұйрыққа сәйкес медицина қызметкеріне де, биология мұғаліміне де жатпайтын болып қалды", – деп атап өтті Гүлдара Нұрымова.
"ҚР биологиялық қауіпсіздік туралы" заңына сәйкес зертхана қызметкерлеріне биологиялық қауіп деңгейін, зиян және қауіпті еңбек жағдайын ескере отырып ақы төленуге тиіс.
Депутат мынадай өзгерістер енгізуді ұсынды:
"Қоғамдық денсаулық сақтау", "Медициналық-профилактикалық іс" факультеттерінің түлектері мен клиникалық зертханалық диагностика саласында медициналыққа жатпайтын білімі бар зертхана мамандары үшін біліктілік талаптары мен стандарттарын әзірлеу және бекіту;
осы лауазымда 2020 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеген зертхана мамандарының "дәрігер-зертханашы" лауазымын қалпына келтірілсін.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің тарифтерін кезең-кезеңімен көтеруге кірісетінін хабарлады.