Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бес жаңа конституциялық заң енгізілді

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Тоқаев Парламент қарауына бес конституциялық заң енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны президент жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты шарада айтты. 

“Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет”, – деді президент. 

Сонымен қатар мемлекет басшысы заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүретінін жеткізді. 

“Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін.  Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр.  Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады”, – деді президент.

Мемлекет басшысы жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басу керегін, ол үшін ел болып бірігу керегін жеткізді. 

“Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз”, – деді президент. 

Мән-жай

15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.

Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.

“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.

“Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын”, – деді мемлекет басшысы.

Ал 17 наурыз күні референдумның соңғы нәтижесі жарияланып, Жаңа Конституцияға қазақстандықтардың 87,15%-ы дауыс бергені анықталды. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 14:48