Қазақстанда базалық зейнетақыны алып тастау ұсынылды: Бұл зейнетақы мөлшеріне қалай әсер етеді?
Қазақстанда базалық зейнетақыны алып тастап, 2028 жылы кепілдендірілген зейнетақыға өту ұсынылды. Бұлай болған жағдайда зейнеткерлерге берілетін базалық төлем өсуі тиіс, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Диапазон басылымына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда базалық зейнетақы мөлшері төменгі күнкөріс шегінің 54%-на немесе 19 460 теңгеге тең.
"Кепілдендірілген зейнетақыға өтетін болсақ, ең төменгі шегі 70%-ға дейін өсіп, бүгінде 25 213 теңге болар еді. Алайда төменгі күнкөріс шегі жыл сайын ауысатынын ұмытпаған жөн", – деді №1 еңбек, әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру департаменті зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Гаухар Телжанова.
Зейнетақы жүйесіне қатысу үшін еңбек өтілі кем дегенде 10 жыл болуы шарт, ал жаңа жүйе бойынша еңбек өтілі 5 жылға дейін төмендеуі мүмкін. Күнкөріс шегінің 70%-ын еңбек өтілі 5 жылдан кем немесе мүлде жоқ азаматтар алады. Бекітілген еңбек өтілінен асқан әр жыл үшін зейнетақы 2%-ға өседі. Осылайша 33 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар азаматтың зейнетақысы төменгі күнкөріс шегінің 100%-на теңеседі.
Мысалы, 20 жылдың еңбек өтілі бар азаматтың зейнетақысы төменгі күнкөріс шегінің 74%-ын алады, яғни 26,6 мың теңге. Егер кепілдендірілген зейнетақы жүйесіне ауысқан жағдайда дәл осындай еңбек өтілі бар азамат төменгі күнкөріс шегінің 100%-ын немесе 36 018 теңге алады.
Сонымен қатар еңбек өтілі 01.01.1998 жылғы жағдай бойынша 6 айдан кем болмаған жағдайда зейнетақы төлемін алу құқығы сақталады. Ал төлем мөлшеріне инфляция деңгейіне байланысты жыл сайын 2% қосылады.