Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәжірибесіз, жұмыс істеуге құлықсыз": Z-ұрпақ пен қазақстандық кәсіпкерлер арасында тартыс басталды

Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды

Желіде қазақстандық кәсіпкерлер Z-ұрпағы өкілдерін тәжірибесіз деп атап, оларды  жұмысқа алу тәуекелді қажет ететінін жеткізді. Аталған пікір желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Осыған орай Stan.kz басқа да компания өкілдері мен HR-маманының пікірін сұрап білді. 

Z-ұрпақ деген кім? 

Z-ұрпақ (Gen Z, зумерлер) – шамамен 1997–2010 жылдар аралығында туған буын. Олар цифрлық технологиялар мен интернет толық дамыған кезеңде өскен алғашқы ұрпақ. Зумерлер бала кезінен смартфон, әлеуметтік желі, заманауи гаджеттермен етене таныс болғандықтан, “цифрлық заман тумасы” деп те аталады.

Z-ұрпақ – цифрлық дәуірде өсіп, технологияны жақсы меңгерген, ақпаратты жылдам қабылдап, деректерді тез сүзгіден өткізетін буын. Олар ғаламтор мен әлеуметтік желілер кеңейген шақты туып, қалыптасты. Сондықтан еркіндікке, жеке шекарасын қорғауға басымдық береді. Ал оларды желіде кәсіпкерлер жұмыс істеуге құлықсыз әрі тәжірибесіз деп атады. 

“Тәжірибесі болмаса да көп жалақы сұрайды”

Өзін орта бизнес өкілі ретінде таныстырған кәсіпкер Z-ұрпағы туралы ойын Threads парақшасында жазды. Оның айтуынша, зумерлердің жұмысқа келгенде тәжірибесі аз, ал амбициясы тым жоғары. 

“Зумер ұрпағы еңбек нарығындағы ерекше құбылыс. Себебі олардың тәжірибесі аз, амбициясы тым жоғары. Зумер ұрпағын жұмысқа алудың өзі тәуекелді қажет етеді. Себебі, олар жарты күн жұмыс істеп: “Бұл іс маған жарамайды, кетемін” деп күтпеген жерден айта салуы мүмкін. Осылайша  кәсіби тұрғыда әлі дамымағанын өздері-ақ көрсетеді. Оларда жауапкершілік, тәжірибе, тұрақтылық пен төзімділік жоқ. Бір қызығы, Z-ұрпақ жұмыс берушілер мені өзі-ақ жалынып алып қалады деп ойлайды”, – дейді кәсіпкер. 

Фото: Threads скрин

Оның айтуынша, Z-ұрпақтың бір ғана артықшылығы, ұрлық жасамайды. 

“Жастарды ренжіткім келмейді. Зумерлердің бір артықшылығы ұрлық жасамайды. Компаниямда ұрлық жасағандар тұрмыс құрған, балалы, егде жастағы әйелдер. Тіпті олардың бірі менің есебімнен тісін емдетіп алыпты. Оны дер кезінде байқап, ескерту жасадым. Ал жастар өзімшіл, әлі жетілмеген және тәртіпсіз болуы мүмкін. Алайда олардың қолының сұғанақтығы жоқ. Z-ұрпақ ауысымға келмей, жұмысын істемей қоя салуы мүмкін. Алайда кассаны бұзбайды, тауар ұрламайды”, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер тапсырманы жөнді орындамайтын жұмысшылардың қажет емес екенін жеткізді. Сондай-ақ зумер ұрпағы жұмыста қандай қателікке бой алдыратынын жеткізді. 

“Зумерлер тәжірибесі болмаса да көп жалақы талап етеді. Міндетінен бұрын жайлылықты бірінші орынға қояды. Мен “құл емеспін” дейді. Дисциплина жоқ, жұмыс істемей көп жалақы алғысы келеді. Тапсырмадан бұрын, өз қалауларын бірінші орынға қояды. Дамудың орнына, ренішке көп жол береді”, – деп жазды ол.

Оның бұл пікірін басқа да кәсіпкерлер қолдады. 

“Көп жалақы сұраса бірден жұмыстан шығарып жіберу керек”

Ал желі қолданушыларының бір тобы зумерлермен жұмыс істеу шын мәнінде қиын екенін жеткізді. Олардың бірі бизнесті біреудің мінезіне қарап отыру үшін ашпадым дейді. 

“Жұмысқа немқұрайлы қараудың соңы немен бітетінін өздері уақыт өте түсінер. Мен зумерлерді мүлде жұмысқа алмаймын. Себебі ешкімді үйретіп отырғым келмейді. Бизнесімді біреудің мінезіне қарап отыру үшін ашқан жоқпын. Жұмыс істегің келсе — еңбек ет. Бастысы маған бизнесімді жүргізу керек. Мен зумерлер үшін бизнес жасамаймын”, – деп жазды ол. 

Сондай-ақ ол жас кезде тәжірибе жинап, 30-ға келгенде басшы болу қалыпты дүние екенін жеткізді.

Фото: Скрин Threads

Тағы бір жұмыс беруші зумерлерді жауапкершілігі аз лауазымға алған жөн дейді. 

"Оларды жауапкершілігі аз, кешігу немесе жұмысқа шықпай қалу салдары аз лауазымдарға ғана алу керек. Алдын ала келісіп, сағатына ғана төлем жасаған жөн. Өйткені үш зумер буыны бір миллениал сияқты жұмыс істеп, олармен бірдей жалақы алады. Бұл әділетсіз. Алғашқы 3 ай уақытша келісімшарт жасаған жөн. Олардың бірден ресми түрде жұмысқа алып қажеті жоқ. Егер көп жалақы сұраса бірден жұмыстан шығарып жіберу керек. Себебі олар жұмыс істемейді. Бірде, тәжірибесіз маман 450 мың теңге жалақы сұраған", – деп жазды ол. 

Тағы бір жұмыс беруші осы тақырыпқа қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, мәселе зумерлердің өз құқығын талап етуінде емес, олардың жұмыстағы жауапкершілік деңгейінде жатыр.

Фото: Скрин Threads

“Зумерлер әлі бизнес ашып көрмегендіктен, жұмыс берушінің қандай қиындықпен бетпе-бет келетінін түсінбейді. Менің бұрынғы қызметкерім зумер еді. 2024 жылы жұмыстан кетті, 2025 жылы өзі хабарласып, бұрын өзін бала сияқты ұстағанын мойындады. Айтуынша, өзі компания ашып, қарызға белшеден батыпты. Себебі қызметкерлерінің бірі кетіп қалған, бірі міндетін орындамаған, тіпті ұрлық жасағандар да болыпты. Мұнда жастардың жауапкершілік мәселесі тұр. Олар жауапкершілікті жұмыс берушінің мойнына артады да, аспандағы жалақыны талап етеді”, – деп жазды ол.

Тағы бір кәсіпкер авторды қолдайтынын айтып, кез келген маман жұмыс сұрар алдын компанияны танып білуі тиіс дейді. 

“Зумерлер бір қызық құбылыс. Тәжірибе мен техникалық білім нөл. Бірақ өз саласының нағыз маманы секілді жалақыны молынан сұрайды. Ол ақшаға не сатып алу керегін біледі. Алайда ақшаны алу үшін қалай жұмыс істеукерегін білмейді. Кәсібім  өзім тұратын қалада танымал. Сайтымды, Instagram парақшамды да көпшілік біледі. Бұл компанияның беделін де 10 жыл бойы қалыптастырдым. Зумерлер осындай компанияға жұмыс сұрап баратын кезде, нақты қандай компания екенін алдын ала білуі керек", – дейді ол.

Фото: Скрин Threads

“Жас маманды алып, 10 жылдық тәжірибені талап етеді”

Кәсіпкерлердің бұл пікірі желіде қызу талқыға түсіп, көпшіліктің ойын екіге жарды. Бір тарап, жұмыс берушілердің қызметкерлерге құл секілді қарайтынын айтып, Z-ұрпаққа қолдау білдірді. 

“Үлкен буын өкілдері 20 жастағы маманды алып, 10 жылдық тәжірибені талап етеді. Тіпті денсаулыққа байланысты демалыстың ақысын төлегісі келмейді. Қызметкерлердің демалысқа шыққанын ұнатпайды, жұмыстан тыс уақытта мазалай береді. Қанша жұмыс істесе де жалақысын өсірмейді. Өз компаниясын табысты деп ойлайды. Алайда іс жүзінде директордың өзім білемдігінен компания күйреудің аз-ақ алдында тұр. Ең күлкілісі адамдар осындай жұмысқа келісуі керек деп ойлайды”.

Фото: Скрин Threads

Ал желі қолданушыларының бірі қазір адамдардың неліктен 10–12 сағат жұмыс істейтінін түсінбейтінін жеткізді.

“Z-ұрпақ ретінде, қазіргі нарықты түсінбеймін. Неге қарапайым 5/2 графикпен жұмыс азайып кетті? Неліктен барлығы 10–12 сағат, 6/2 графикпен жұмыс істейді? Жұмыс берушілерден "жарты ставка" жұмыс сұрасаң, бірден бас тартады. Недіктен қызметкерлер түнгі ауысымды “норма” деп санайды? 20 жастағы адамнан кәсіби деңгейдегі тәжірибені талап етіп, соған лайық жалақы төлемейді?”, – дейді ол. 

Фото: Скрин Threads

Ал бір жұмыс беруші зумерлермен жұмыс істеу қолайлы екенін жеткізді. 

“Ұжымда 80% зумерлер. Ешқайсысы сұранбай немесе жауапсыздық танытып кетіп қалған емес. Барлығы алдын ала ескертеді, алмастыратын адам тапқанша екі апта жұмыс істеп береді. Егер сіз қызметкерлерге құл сияқты қарасаңыз дәл сондай қарым-қатынасты аласыз”, – дейді. 

Тағы бір желі қолданушысы мейрамханада даяшы жұмысын 5 сағат істеп, кетіп қалғанын айтты. Сөзінше, оған басшылық тарапынан террассадағы шөпті жұл деген тапсырма берген. 

“Менде қызық жағдай болған. Жұмыс тауып, небәрі бес сағат істеп, кетіп қалдым. Жұмыстың бесінші сағатында маған жазғы террасадағы брусчатка арасындағы шөпті жұл деген тапсырма берді. Қолыма пышақ беріп, "жұмыс жоқ кезде сонымен айналыса тұр" деді. Он минуттай жұлдым да, бір кезде  мәні жоқ шаруамен айналысып отырғанымды түсіндім. Сосын кетіп қалдым”, – деді бірі. 

Скрин: Threads

Енді бірі мұндай жағдайда белгілі бір буын өкілдерін емес, жұмыс жағдайын сынға алған жөн екенін айтты. 

“ Себебі адам төзгісіз жұмыс берушімен ересек адам да жұмыс істегісі келмеуі мүмкін. Егер адам бірінші күні-ақ кетіп қалса оған сіздің шарттарыңыз ұнамады деген сөз. Неліктен 20 жастағы маман төмен жалақы мен адам төзгісіз графикке келісуі керек? Зумерлер тегін жұмыс істеуге дайын емес. Бұл шеттен шыққандық емес, өз-өзін құрметтеу. Егер жұмыс беруші қызметкерді өзі алып қалуға тырысса, демек қызметкер шынымен маңызды деген сөз. Мәселе Z-ұрпақта емес. Мәселе жұмыс берушілердің ескі көзқарасында”. 

Миллениалдар не дейді?

Аида Аяпберген зумерлерді қолдайтынын, себебі олар ойын ашық айта алатынын жеткізді.

“Зумерлер жеке кәсіп иелерінің (әсіресе миллениалдардың) жылдам дамуына кедергі келтіретіндей көрінеді. Күйзеліс пен күйіп кетуді себеп етіп жұмыстан тез шығады. Ұжымда ұзақ жұмыс істей алмайды, эмоционалды интеллекті төмендеу сезіледі. Көбіне өздерін және жеке шекараларын бірінші орынға қояды. Бір жағынан бұл да дұрыс. Біз бумерлер кезеңінің қатаң талаптары мен қысымын көрген миллениал ұрпақ – көбіне өз сезімімізді ішке жасырып, тым шыдамды болуға үйрендік. Соның салдарынан экзистенциалды күйзеліске жиі түсіп, өз орнымызды таппай, тоқырауға ұшырап жатамыз”, – дейді ол.

Сондай-ақ ол осындайда зумерлердің еркіндігі мен шынайылығына қызыға қарайтынын айтты.

“Олар мәселені басында-ақ ашық айта алады. Кейін жүйкесін тоздырмайды, іште жинап жүрмейді. Өздеріне сенімді, батыл, еңбектерінің құнын біледі. Жоғары ақы сұрауға ұялмайды, тәуекелге де оңай барады. Мұндай қасиеттердің арқасында олар импостер-синдромға сирек ұшырайды. Ал миллениалдар көбіне тым бейімделгіш, өзімізді артқа ысырып қоятын, бір нәрсені айтпай іште сақтап қалатын буын болып қалыптастық. Сондықтан зумерлердің тік мінезі, ашықтығы, психологиялық сауаттылығы мен мүддесін қорғай білуі бізге үлгі бола алады”, – дейді ол.

“Миллениалмын. Бірақ жаңа салаға келгенде бәрін өзім үйрендім, ақысыз жұмысқа да қалып жүрдім. Кейін маған еден жуушының міндеттерін қосып қойды. Енді жұмыстағы көзқарасымды зумерлерге тән модельге жақындатсам ба деп ойлап жүрмін”. 

“30 жастамын. Зумерлердің арқасында қызметімді жақсылап көтеріп алдым. Тәжірибелі қызметкер керек болса, жақсы жалақы төлеген жөн. Осы нәрсе үшін зумерлерге ризамын. Олар бәрін дұрыс жасап жүр. Аз жалақы үшін шаршап-шалдығып жұмыс істеудің қажеті шамалы. Кез келген кәсіпкер жақсы табыс табады, бірақ төлегісі келмейді”.

Скрин: Threads

“Миллениалмын. 18 жасымнан бері дәл осындай принциппен жұмыс істеймін. Егер маған бір нәрсе ұнамаса немесе жағдай берілген уәделерге сәйкес келмесе бірден жұмыстан шығып кетемін. Құл сияқты қарауды, үш тиынға жаныңды салып жұмыс істеуді қалыпты нәрсе деп есептемеймін”. 

Скрин: Threads

“Нағыз миллениалмын. Соңғы уақытта зумерлерді жақсы түсіне бастадым. Екі жұмыс орнынан бірден шығып кеттім. Себебі маған жоқ жерден дауыс көтеріп, айғайлайды. Мәселені, оңай жолмен шешуге тырыспайды. Зумерлер бәрін дұрыс жасап жүр. Толық қолдаймын. Өзіңді бағалау қалыпты нәрсе. Жас екенсің деп кез келген адам саған айғайлап, басынып, мазақ етпеуі тиіс. Біз, миллениалдар, ондайға төтеп бере алмадық. Бізге бәріне шыдау керек деп үйретті”, – деп жазды.  

“Зумерлер бүгінгі күнмен өмір сүреді”

Forbes бизнес журналының бұрынғы кеңес мүшесі Памела Хоулидің айтуынша, миллениалдар мен одан үлкен буын өкілдері Z-ұрпағымен дұрыс тіл табысуды үйренгені жөн. Сондай-ақ ол зумерлердің негізгі ерекшелігін атап өтті.

Зумерлер үшін өмір мен жұмыстың тепе-теңдігі бірінші орында. Олар келісімшартпен жұмыс істеуді, жарты күндік кестені немесе қашықтан орындалатын жұмысты жөн көреді. Себебі күн сайын өзіне уақыт бөлу — сурет салу, спортпен айналысу, компьютерлік ойын ойнау, музыка тыңдау олардың өмір салтының ажырамас бөлігі. Егер жұмыс осы балансты бұзса, олар ұзақ ойланбай-ақ жұмыстан кетуге дайын.

Z-ұрпағы көбіне бүгінгі күнге мән береді. Ұзақмерзімді жоспарлар оларды қатты алаңдатпайды. Олар ең алдымен бүгінгі өмірін жақсартатын мүмкіндіктерді іздейді. Бұл буын өзін-өзі дамытуға, жаңа білім меңгеруге және өзінің әлеуетін толық ашуға ерекше көңіл бөледі.

Зумерлердің тағы бір ерекшелігі әлемге ықпал еткісі келеді. Олар қоғамға пайда әкелудің жолын іздеп, жақсы істі кейінге қалдырмай, дәл қазір жасағысы келеді. Технологиялық трендтерді жіті бақылап, жаңа нәрсені тез меңгереді. Олардың әлемге көзқарасы шекараға байланып қалмайды.

Жалпы, зумерлер ақпаратты жылдам қабылдайтын буын. Generation Z мансап пен тұрақтылықты да бағалайды, өзгерістерге тез бейімделеді және психологиялық саулығына ерекше мән береді.

“Z-ұрпақ бұрынғы жүйемен жүргісі келмейді”

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі HR-маманы Жұлдыз Ыбытаевадан Z-ұрпақтың қызметтегі артық-кем тұстарын сұрады. 

“Зумерлер туралы қоғамда және компания басшылары арасында таптаурын көп. “Жауапсыз”, “тез жұмыстан кетеді”, “өз дегенімен жүреді” деген пікірлер айтылады. Десе де мұндай пікірлер көбіне түсінбеушіліктен туындайды. Z-ұрпақ құндылықтары, мотивациясы және жұмыстан күтер нәтижесі бойынша бұрынғы буыннан өзгеше. Сол себепті олар бұрынғы жүйемен жүргісі келмейді. Ал бұл кей басшыларға “тәртіпсіздік” болып көрінуі мүмкін”, – дейді маман. 


Зумер, миллениал әлде бумер: Кімдер көп айлық алады


Мексикада мэрдің өлімінен кейін зумерлер көтеріліске шықты


HR-маманының пікірінше, жұмыс берушілер Z-ұрпақты бұрынғы жүйемен басқара алмайды. Оларға басқа әдіс, яғни коучингтік әдіс қолданған жөн дейді.

“Олардың пікірін, ойын сұрап отырған маңызды. Зумерлерге істеп жатқан жұмыстың мәнін түсіндіру керек. Не үшін жұмыс істеп жүр, істеп жатқан жұмысы қоғамға, өзіне пайда әкеле ме, білуі тиіс. Көбіне зумерлер қоғамға пайдалы болуды қалайды. Олар бір қызметте 3 жыл отыра бермейді. Сондықтанкелген кезде оған алдағы даму картасын көрсету керек. Адаптация процесі, қалай, қандай бағытта дамитыны нақты түсіндірілуі қажет. Олар ақпарат заманында өскен. Сол себепті, кері байланысты тез берген жөн. Жұмысы бойынша дұрыс бағыт беріп, мақтайтын тұста мақтап, кемшін тұсы болса айтқан да абзал. Егер, олар дұрыс-бұрыс істеп жатқанын білмесе, жұмыстан кетіп қалады. Қызметкер жайдан жай кетіп қалмайды. Көп жұмыс берушілер олармен бұрынғы әдістер бойынша жұмыс істейді", – дейді Жұлдыз Ыбытаева.

Маманның сөзінше, Z-ұрпақтың көбі сезімтал келеді, сондықтан сын қабылдай алмайды. Оларға қандай қателік жіберсе салдары болатынын түсіндіру керек дейді маман. 

Айта кетейік, бұған дейін 5 қыркүйекте Непалда Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube және басқа да әлеуметтік желілер бұғатталып, халық жаппай көтеріліске шыққан еді. Шеруге шыққандардың басым бөлігі жастар болып, сол себепті бұл наразылық "Z ұрпақ төңкерісі" деп аталған еді.

Олар премьер-министр Шарма Олидің резиденциясын өртеп жіберген еді. Оқиғадан соң премьер-министр отставкаға кеткенін мәлімдеген. Отставкаға кеткендер арасында елдің ішкі істер министрі Рамеш Лекхак, ауыл шаруашылығы министрі Рамнатх Адхикари, жастар және спорт министрі Теджу Лал Чаудхари, сондай-ақ су ресурстары министрі Прадип Ядав болды.

Сондай-ақ Непал әскері саяси басшылық жоқ кезде елдегі қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеген.  Әскерилердің мәлімдемесінде “ұлттық тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты, ұлттық бірлікті және непал халқының қауіпсіздігін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерін толық орындайтындары” айтылған.

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 14:42