Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда баспананың алғашқы жарнасын төмендету ұсынылды

"Қазақстанның құрылысшылар одағы" баспананың алғашқы жарнасын 20%-дан 10%-ға төмендетуді ұсынып отыр. Пікірлерінше, тұрғын үй кезегін жылжытып, пәтер мәселесін шешу үшін талаптарды жеңілдеткен жөн. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

"Отбасы банкте" жиналған 500 мың теңге "Наурыз" бағдарламасына қатысуға жетуге тиіс. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне несие ставкасы 2%, ал өзге тұрғындар үшін 5%-бен берілуі шарт дейді. Сондай-ақ сарапшылар "Отбасы банктің" базасында шариғат қағидаларына сай келетін жаңа бағдарлама әзірлеу қажет деп отыр. Ол үшін алдымен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қағидасын жеңілдеткен жөн екен. Алғашқы жарнаны 10% төмендетіп, қажет депозитті 500 мың теңге деп бекіту керек. Ставка 2-5% аралығында белгіленуі шарт. Сонымен қатар олар мемлекет сатып алу құқымен жалға берілетін пәтерлер үшін құрылыс компанияларына 60 мың артығырақ төлегенін қалайды. Демек шаршы метрін 320 мың емес, 380 мыңға бағалауын сұрайды. 

“Қазір еліміздегі тұрғын үй қорының 30-35%-ы ескірген не апатты жағдайда тұр. Себебі өткен ғасырдың 80 жылдары салынған. Мәселе енді күрделене береді. Әрі нарықта алып-сатарлар пайда болған. Көптеген тұрғын тозған үйінен көшкісі келеді, бірақ көшуден бас тартып, ескі үйдің бағасын еселеп өсіретін адамдар шыға келеді. Осыны реттеу үшін мемлекет пен бизнес бірлесе жұмыс істегені абзал. Мысалы, құрылыс кезінде жалға алған пәтер ақысын төлеп беріп, меншік иесіне бөлме саны не шаршы метріне қарай пәтер беруге болады”, – деді "Қазақстан құрылысшылар одағы" астана қалалық филиалының директоры Вячеслав Лазарев. 

Сарапшы Ислам даму банкінің дерегіне сүйене отырып, қазір Қазақстанда діни көзқарастырына байланысты 1,5 миллионнан астам адам дәстүрлі ипотекадан бас тартқанын айтты. Сол үшін ислам ипотекасын енгізуді ұсынып отыр. Олар құйған алғашқы жарна есебінен қазынаға 1 триллион теңге түседі. Әрі араб елдерінен тікелей инвестиция тартуға мүмкіндік туады. Әзірге бұл ұсыныстың нақты қашан және қалай іске асырылатыны белгісіз. Десе де арнайы жұмыс тобы құрылып, ай сайын бас қосып, мәселені талқыламақ.

Талқылау