Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда банктерге алаяқтардың құрбаны болған клиенттердің кредитін кешіру ұсынылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге клиенттің атынан алаяқтар алған несиені сот шешімі негізінде есептен шығаруды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тиісті қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланған.

Агенттіктің мәліметінше, бүгінгі таңда несиелер мен микрокредиттерді алаяқтық жолмен онлайн рәсімдеу фактілері жиілеп кетті. Былтыр және биылғы 9 айда алаяқтардан зардап шеккен азаматтардан 1,1 мыңға жуық шағым түскен. Оларға 2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

"Кінәлі адамдарды анықтау үшін қосымша уақыт қажет, бұл мерзімі өткен берешектің ұлғаюына, сондай-ақ қарыз алушыдан борышты өндіріп алуға, коллекторлық агенттіктерді тартуға және тағы басқа жағымсыз салдарға әкеп соғады. Бұл азаматтардың наразылығын тудырады және халық арасында әлеуметтік шиеленіске себеп болады", - делінген негіздемеде.

Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі алаяқтардың құрбаны болған клиенттердің қарыздарымен жұмыс істеу тәртібін ұсынып отыр.

Ең алдымен, несиені үшінші тұлғаларға алаяқтық тәсілмен не үшінші тұлғалардың ықпалымен банк клиенттеріне рәсімдеу фактілері анықталған жағдайда, банк қарызды алаяқтық тәсілмен рәсімдеуге тікелей кінәлі адамдарды анықтау үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам зардап шеккендерге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсыным енгізген жағдайда, банк күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей:

  • банктегі кредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұрады;
  • клиент бойынша шағым-талап жұмысын тоқтатады.
  • Сондай-ақ клиенттің банктен несие алмағаны расталып, сот шешімі заңды күшіне енген соң, банк 3 жұмыс күні ішінде:
  • клиенттің банктегі қарызы бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
  • клиенттің кредит тарихына түзетулер енгізеді.

Құжат 14 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылған.

Талқылау