Қазақстанда баланы мектепке 6 әлде 7 жаста беру керек пе: Мамандар кеңесі
Фото: РИА Новости / Юрий Стрелец
Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында көптеген ата-ана баласын мектепке 6 немесе 7 жастан беру керек пе деген сұрақтар талқыланады. Мамандар баланың жасына емес, оның психологиялық және физиологиялық дайындығына назар аудару керек дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлия Адакенова – тәжірибесі мол, төрт баласы бар ана, Тұңғыш қызын 7 жасында бірінші сыныпқа берген және бұл шешімін дұрыс деп санайды. Ал ұлын күтпей, алты жасында мектепке жіберді. Қазір көпбалалы ана ол кезде асыққанын мойындайды.
"Балам тым кішкентай болды. Таңертең ерте тұруға қиналды, сабақта жиі ұйықтап қалатын. Тіпті сөмкесінен мұғалім ойыншық тауып алатын. Өзі де "Анашым, барғым келмейді" дей беретін. Екінші сыныпқа барғанда ғана қызығушылығы артты", – дейді көпбалалы ана.
32 жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Жібек Үтепова да баланың мектепке дайындығы жасына ғана байланысты емес екенін айтады.
"Алты жасында мектепке барып, жеті жастағылардан қалыспайтын балалар да бар. Керісінше, жеті жаста болып та бейімделе алмайтындар кездеседі. Ал бес жаста мектепке бару өте сирек әрі әрдайым қиын жағдай. Себебі мұндай балалардың ойынға қызығушылығы басым, олар әлі мектепке физиологиялық та, психологиялық та тұрғыдан дайын емес. Бала оқи білуі, санауы немесе тіл меңгеруі дайындықтың негізгі көрсеткіші емес", – деді ұстаз Жібек Үтепова.
Психолог Дармина Попова да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, кейбір балалар 6 жасқа жетпей-ақ мектепке бейімделе алады, бірақ бұл үлкен дайындықты қажет етеді.
"Әдетте, бұл ата-ананың жүйелі еңбегінің арқасы. Балаға психологиялық, физиологиялық дайындық беріп, оны мектеп ырғағына үйреткен жағдайда ғана оңай болады. Кейбір ата-аналар баланың бойына жарыс рухын да сіңіреді", – деді маман.
Мамандардың сөзінше, баланың эмоциялық, психологиялық және физиологиялық дайындығын ескеру керек.
Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарын бөлісті
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап мектеп бағдарламаларына жасанды интеллект енгізіледі
Еске салайық, бұған дейін дұрыс таңдалған сөмке баланың денсаулығын сақтап, арқаға түсетін салмақты азайтатынын жазған едік. Мамандар бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін сөмке таңдауда басты өлшемдерге назар аударуға кеңес береді. Қазақстанда жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар балаларға мектепке қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға кіріседі.

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған
