Қыз баланы гинекологқа қанша жастан бастап апару қажет — Маман түсіндірді
Бүгінде медицинаның қай саласы болмасын адамдар ауруы асқынып, қаралмасқа амалы қалмағанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Оның ішінде әйелдің денсаулығына жауап беретін акушер-гинеколог маманға да уақытылы қаралатындар да көп емес. Тіпті мұны ұят көріп, тек дерт дендеп, ауру мазаңды алғанда ғана дабыл қағатынымыз жасырын емес. Гинеколог маманға қай жастан бастап қаралу керек? Қыз баланың жыныстық даму кезеңіне дайындығы, көп аналардың жіберетін қателігі сынды сауалдарға астаналық акушер-гинеколог Шара Ілиясқызы жауап берді.
Маманның айтуынша, қыз баланы гинекологқа қаратудың белгілі бір жас мөлшері жоқ.
“Белгілі бір жас мөлшері бекітілмеген. Шағымдарыңыз болса гинеколог маманның көмегіне жүгінесіз. Мысалы, кішкентай қыздың жыныстық мүшесінде қышыну белгілері болса, көп мөлшерде бөлініс болған жағдайда немесе жасөспірім қызда етеккірі көп мөлшерде, тоқтамай келсе жасқа қарамастан гинеколог дәрігерге бару керек. Егер шағымдары болмаса, жыныстық қатынасқа түскеннен бастап гинеколог дәрігерге жылына бір рет барып тұрғаны жөн”, – дейді акушер-гинеколог.
Дәрігер есейіп келе жатқан қызды етеккір келетін уақытқа алдын ала дайындау керегін де атап өтті. Айтуынша, қазіргі заманда қыздар ерте жетіліп жатқандықтан, етеккір сәйкесінше ерте келеді. Ең ерте дегені 9-10 жас көрінеді. Сондықтан аналарға қыздармен осы тақырыпта әңгімелесуге кеңес береді. "Етеккір келеді-ау" деген уаққыттан бастап оның қалай келетіні, қанша уақытта қайталанатыны және ұзақтығы жайлы айтып, ауырсынулар болатынын түсіндіру керек. Сондай-ақ ол пациент анемиямен ауыратын болса шұғыл ем алу қажет екенін айтты. Себебі етеккір кезінде көп қан жоғалтып, гемоглобиннің төмендеп кету қаупі бар екенін ескертті. Қалқанша безді тексеруді де назардын тыс қадырмаған жөн. Бұл кезеңде бала психологиялық тұрғыдан көмекке зәру. Осы тақырыпта диалог құрудың нәтижесінде ана мен баланың арасында бір-біріне деген сенім пайда болады деп санайды.
Бұл мәселеде “Қазақстанда балалар гинекологы бар ма?” деген сауалдың туындауы заңдылық. Дәрігердің айтуынша, бұл ұғым елімізде кең етек жая қоймаған.
“Балалар гинекологы Қазақстанда көп деп айта алмаймын. Себебі балалар арасында мұндай проблемалар жиі кездесе бермейді. Мүлдем жоқ демеймін, бірақ сирек кезедеседі. Егер расымен алаңдатарлық жағдай болса балалар гинекологын іздейді. Соңғы кездері елімізде балалар гинекологы сұранысқа ие”, – дейді Шара Ілиясқызы.
©instagram.com/dr_niyazbaeva
Дәрігер жасөспірім қыз тәрбиелеп отырған көп аналардың жиі жіберетін қателіктерін атап өтті.
“Бәріміз қыз тәрбиелеп отырмыз. Қателік кімде болмайды? Баламен аз сөйлесеміз, көп проблемаларға мән бермейміз, ал қыз балаға ана – эталон десек те болады. Өз тәжірбиеммен бөлісетін болсам, мен психолог маманға жүгіндім. Өзімнің қолымнан келмейтінін түсініп, қызымды психологқа жібердім. Сөйтіп қызыммен ара қатынасымызды ашып алдық. Қазір жасөспірім шақтан өтіп, көп әңгімелесетін болдық, мектептегі мәселелерді шешеміз. Ең бастысы бір-бірімізді түсінетін болдық”, – деп өз тәжірибесімен бөлісті ол.
Маман аналарға баланы жиі құшақтап, сүюге және онымен әңгіме-дүкен құруға кеңес берді. Себебі балалар өздерінің ата-анаға қажет екенін сезінуі керегін айтты.
Гинекологтың айтуынша, дәрігер қабылдауына келмес бұрын төмендегі дүниелерді ескеру қажет:
- Душ қабылдайсыз және таза іш киім киесіз;
- Етеккірдің соңғы күндері келсеңіз жөн;
- Жыныстық қатынасқа 2-3 күн түспейміз. Ол анализдің нәтижесіне әсер етуі мүмкін;
- Жыныстық мүшені бүркіп жумаймыз (спринцевание);
- Шугаринг жасамаймыз, қырынбаймыз
- Дәрігер етеккір кезінде қабылдамайды;
- Дәрі, тығындәрілерді қолданбаймыз;
Шара Ілиясқызы қыз-келіншектерді пациенттерге денсаулығын дәрігерлерге сеніп тапсыруға және қабылдауға бар қорқынышты сейілтіп тастап келуге кеңес береді.