Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда азық-түлік бағасы қашан тұрақталады?

Көкшетауда көкөніс әлі күнге дейін арзандамай тұр. Мәселен, сәбіздің бағасы көтерілген биігінен түсер емес. Кезінде 60 теңге болған, қазір 600 теңгеден сатылып жатыр. Маусым айының басында 450-500 теңгеден сатылған картоп, қазір сәл төмендепті. Бұдан бөлек, басқа да азық-түлік түрлері қымбаттаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

“Ұн, нан, макарон өнімдері қымбаттаған. Қанттың бағасы да көтеріліпті. Жармалардың да бұрынғыдай емес, бағасы аздап өскені байқалады”, – деді зейнеткер Ольга Скидан. 

Жауапты басқармалар болса, аталған азық-түлік өнімдерінің нарықтағы бағасын біршама тұрақтандыру үшін барлық амалдарды жасап бағудамыз дейді. Ол үшін екі механизмді қолға алған. Бірі – тұрақтандыру қоры болса, екіншісі – тауар өндірушілерді төмендетілген несие беру арқылы ынталандыру. Осылайша қазір ұн, күріш, қант, сүт өнімдері, картоп, жұмыртқа және тауық етінің бағасын бақылауға алуға мүмкіндік туып отырғанын айтады. Ал біз олардан сәбіздің бағасы неге сонша шарықтап кеткенін сұрадық. 

“Бұл жерде тауардың келу бағасына байланысты. Қазіргі келіп жатқан сәбіз ерте піскен өнім болғандықтан, қымбат бағада келіп жатыр. Ал келесі айда оңтүстіктен жаппай түсім болғанда баға да төмендейді. Одан кейін күзге қарай өзіміздің жергілікті сәбіз нарыққа шығады. Ол кезде біз оны сатып алып, тұрақтандыру қорына қосамыз”, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдарахманов

Маманның сөзінше, қазір тұрақтандыру қорында ұн, қант, күріш, өсімдік майы секілді бас-аяғы 1 мың тоннадан астам азық-түлік тауары бар. Олар қаладағы 4 бірдей әлеуметтік дүкенде сатылады. Жауаптылардың айтуынша, мұндағы баға нарықтағыдан 15-20 процентке арзан. Алайда жергілікті тұрғындар, бұл жерде де қымбатшылыққа жол беріліп отырғанын айтады. 

“Мәселен, көктемде мұндағы жемістер басқа жерлермен салыстырғанда өте қымбат болды. Кейбірі, тіпті, 200-300 теңгеге жоғары болды. Бұл әлеуметтік дүкен, арзан болады деп хабарлағаны қайда?”, – деді зейнеткер Едвига Мушинская.

“Мұнда қымбат. Мен сол үшін ана жақтағы дүңгіршекке бара жатырмын. Мысалы, картоп мұнда 270 теңге дейді. Ал басқа дүкенде 240-тан да бар”, – деді қала тұрғыны Әмина Әлкібаева.

Алайда мұндағылардың да өз уәжі бар. Айтуларынша, бағасы арзан әлеуметтік азық-түліктер өте тез сатылып кетеді. Яғни, қалалықтардың бәріне бірдей жетпейді.

“Тұрақтандыру қорының картобы таусылған кезде мұндағы кәсіпкерлер халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін өздері басқа жақтан картоп алып келіп, нарық бағасымен сатады. Бірақ соның өзінде өзге дүкендермен салыстырғанда бізде 50-70 теңгеге төмен болады”, – деді "Көкше" әлеуметтік дүкендер желісінің әкімшісі Денис Гаража.

Ал кәсіпкерлік басқармасы мұның барлығын нарық заңы деп түсіндірді. Айтуларынша, бұл мәселе жақында Үкіметте де көтерілген. Түсінгеніміз – қазір мемлекет нарықтық процеске кедергі бола алмайды. Ал әлеуметтік азық-түлік тауарларына шекті баға аса күрделі жағдайда ғана қойылмақ. Мәселен, жақында Ақмола облысында өсімдік майына сондай шекті баға белгіленеді. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорын толықтырып, тауар өндірушілерді ынталандыруға қосымша 500 млн теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Талқылау