Қазақстанда ауруларды ерте анықтаған дәрігерлерге үстемақы төленеді
Фото: depositphotos.com
Мыңдаған қазақстандық дәрігер қатерлі ісік, туберкулез және басқа да ауруларды ерте анықтауға арналған жаңа жүйемен жұмыс істеуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
№10 қалалық емхана бір жылға жуық жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Екатерина Новасад басқаратын бөлімше шамамен бір жарым миллион теңге қосымша табыс тапқан. Дәрігерлер жүкті әйелдерді қадағалауды күшейтіп, бірнеше созылмалы ауруларды ерте сатысында анықтаған, есепте тұрған науқастарға да көбірек көңіл бөле бастаған.
“Мен екі тоқсан ішінде жалпы тәжірибелік дәрігер, медбикелер, акушер-гинекологтар, әлеуметтік қызметкер кіретін командамен бірге бөлімше алғашқы тоқсанда 630 мың теңге, екінші тоқсанда 800 мың теңге табыс әкелдік. Бірақ бұл тек бір дәрігер ғана емес, барлық мамандарға тиесілі. Бұл әрі қарай жұмыс істеуге, көп еңбектенуге және қаржы табуға ынталандырады”, – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Екатерина Новасад.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары созылмалы инфекциялық аурулары бар науқастардың шұғыл ауруханаға жату жағдайлары айтарлықтай артқан, ал медициналық қызметке кететін шығындар 600%-ға көбейген. Сол себепті алдын алу шараларына нақты кірісу қажетігі туындаған. Мамандарды осы бағыттағы жоғары көрсеткіштерге жетуге ынталандыру үшін енді дәрігерлер мен медбикелерге әр тоқсан сайын балдық жүйе бойынша жалақыларына үстемақы төленеді.
“Жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабеті бар науқастарды толық динамикалық бақылауға алу қажет. Егер олар барлық талдауларды уақытында тапсырып, тексерулерден өтіп, мамандарға қаралса – бөлімше осы үшін 50 балл алады. 1 балл 5 АЕК-ге тең. Сонымен қатар, егер дәрігер әйелдерді жүкті болғанға дейін қадағалап, бала өліміне жол бермесе, жалпы көрсеткіштер бойынша 100 балға дейін табыс таба алады. Сондай-ақ қатерлі ісік немесе туберкулезді ерте анықтағандар үшін 5 АЕК бонус төленеді”, — дейді денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағыҰлттық ғылыми орталық директоры Жанар Ботағарина.
Биыл медициналық қызметкерлерге үстемақы төлеу үшін 24 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Алайда төлемдер тікелей жұмыстың нәтижесіне байланысты. Емханаларға алғашқы жартыжылдықта шамамен 10 миллиард теңге аударылған. Ең жақсы көрсеткіштер елдің оңтүстігінде тіркелсе, ең төменгі көрсеткіштер Қостанай, Алматы және Жетісу облыстарында.
Айта кетейік, дәрігерлердің көрсеткіштерін есептеу толығымен автоматтандырылған режимге көшірілген. Бұл деректерді бұрмалау жағдайларының алдын алып, науқастардың нақты жағдайын қадағалауға және дәрігерлердің жұмыс тиімділігін талдауға мүмкіндік береді.
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады