Қазақстанда әскери бөлімдерде камера орнатылып, қызметтегі қарауылдарға бейнежетондар беріледі
Фото: Қорғаныс министрлігі
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Тоқаевтың тапсырмасымен әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында екі жаңа жоба енгізілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі жаңа жоба “Әскердегі заң және тәртіп" және "Цифрлық профилактика" деп аталады.
“Мақсат – әрбір әскери қызметкер қорғалған, ал командир сенім мен қолдауға ие болатын жүйені қалыптастыру. Ең алдымен әскери бөлімдерде заманауи IT жүйелермен бейнебақылау орнатылады. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы жағдайды автоматты түрде талдап, жеке құрамның қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделіп отыр”, – деп жазды Берік Асылов.
Сондай-ақ командирлерді (далалық жаттығуларда, атыс кезінде, оқу-жаттығуларда) және қарауылдағы және жауынгерлік кезекшіліктегі мерзімді қызметтегі сарбаздарды бейнежетондармен жарақтандыру жоспарланып отыр. Бұл қызмет барысында нақты әрі үздіксіз бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
“Қазірдің өзінде armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылды. Сонымен қатар жаңа байланыс арналары енгізіліп жатыр — әрбір сарбаз қайда жүгіну керек екенін біліп, оған назар аударғанына сенімді болуға тиіс. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әскери шақыру және медициналық комиссия отырыстарын аудио-бейне тіркеу, хаттамаларды цифрландыру және оларды шақырылушылардың өздеріне қашықтан қолжетімді ету мәселелері пысықталып жатыр. Бұл — медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды мерзімді қызметке шақырудың алдын алады”, – делінген жазбада.
Бас прокурор бұл және өзге де шаралар — әскери қызмет атқару кезінде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тиімді тетіктер болады деп уәде берді.

Оралдықтар көпқабатты үйдің ауласында Құрбан айт тойлаған: Олар енді айыппұл арқалай ма
