Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскерге шақыру маусымы басталды: Тоқаев жарлыққа қол қойды

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарды әскерден босату және азаматтарды әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Әскерге шақыру наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорданың мәліметінше, президент жарлығында бірнеше жағдай қарастырылған. Атап айтқанда:

  • Қарулы күштер, Ішкі істер, Төтенше жағдай министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік пен Мемлекеттік күзет қызметінде белгіленген мерзімін өтеген сарбаздар наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында запасқа шығарылады;
  • Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2026 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақырылады;
  • жергілікті атқарушы органдар әскерге шақыру науқанын ұйымдастырып, оның өтуін қамтамасыз етеді;
  • Үкімет, ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметі әскерге шақырылған азаматтарды қызмет орнына жіберу мен мерзімін өтеген сарбаздарды босатуды қаржылай және материалдық жағынан қамтамасыз етеді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 17:04