Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ана өлімінің күрт өсуінің себебі аталды

Қазақстанда ана өлімінің күрт өсуі жаз мезгілінде COVID-19 ауруының көбеюімен байланысты. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ғиният Ақтөбе облысында ана өлімін азайту жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Ол бұған дейін 2020 жылы ана өлімінің 2,8 есе өскенін мәлімдеген президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне түсініктеме берді. Былтыр Қазақстанда 156 ана көз жұмды.

"Ана өлімінің күрт өсуі 2020 жылдың жазғы кезеңдерінде тіркелді және COVID-19 коронавирусының жоғарылауымен байланысты. Осы кезеңге барлық өлім санының 66 пайызы тиесілі. COVID-19 пандемиясының салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс ауыртпалық түсті, ең алдымен әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек әлсіреді. Бұл елімізде ана аурулары мен өлім санының өсуіне әкелді", - деп түсіндірді Ғиният.

Оның айтуынша, 2020 жылы бала туу саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 298-ге артқан. 24 739-ға көп бала дүниеге келді, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүкті әйелдердің саны 21 147-ге өсті.

"Мемлекет басшысы үкіметке облыстардың әкімдерімен бірге барлық денсаулық сақтау ұйымдарын түгендеуді, акушерлік және реанимациялық қызметке баса назар аударуды, оларды медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен және өнімдермен жабдықтау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды", - деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ кездесуде жүкті әйелдердегі ауыр аурулар мен өлім жағдайларының проблемалары мен оларды шешу жолдары қаралды. Өңірлерге жүкті, босанатын және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.

STAN.KZ
Жұма, 29 Қаңтар, 2021 06:28
Талқылау