Қазақстанда әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің зейнетақы жарналары туралы шешім қабылданды
Үкімет қосылған құн салығы бойынша алдағы жаңашылдықты талқылап, әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің зейнетақы жарналарына қатысты қабылданған шешім туралы баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында үкімет қосылған құн салығы мөлшерлемесін 20% деңгейінде белгілеуді ұсынды. Бірақ президент 20% мөлшерлеме тым көп екенін айтты. Нәтижесінде үкімет қосылған құн салығының сараланған мөлшерлемесін 16% деп қарастыруды ұсынды.
Қосылған құн салығының 20 пайызға дейін күрт өсуінің ықпалын еңбекақы қорына жүктемені азайту арқылы "теңестіру" жоспарланған еді. Осы мақсатта Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен әлеуметтік салықты жою нұсқасы қарастырылды. 12 ақпанда үкімет түсіндірме мәлімдеме жасады.
"Бизнес өкілдерімен өткен кездесуде анықалғандай, кәсіпкерлердің әлеуметтік салық пен Міндетті жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын төлеуін алып тастауға қатысты ұсынылып отырған реформа ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру шартымен жүзеге асуы мүмкін. Сонда мемлекет жұмыс берушінің орнына әлеуметтік аударымдарды жабу үшін табысқа ие болар еді. Алайда ұсынылып отырған 16 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесі мен әлеуметтік аударымдарды өзгеріссіз қалдыру ұсынылды", – делінген хабарламада.
Осылайша, Қазақстан салық реформасының бөлігі ретінде Міндетті жұмыс берушінің зейнетақы жарналары мен әлеуметтік салықты жоюды қарастырмауға шешім қабылдады.
Айта кетейік, бұған дейін үкімет қосылған құн салығының мөлшерін 16 пайызға дейін көтеруді ұсынған еді.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин брифинг барысында қосылған құн салығы әсерінен тауар құнының өсуі мүмкін екенін жеткізді. Ал инфляция деңгейінің артуы уақытша құбылыс болады деп сендірді.
Бұдан бөлек үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде бекітуді және белгілі бір салаларға сараланған мөлшерлемелер енгізуді ұсынды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемелері 16%, 10%, 0% және толық босатуды қамтиды.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ҚҚС төлеуден толық босатылады.
- Кейбір салалар үшін аралық мөлшер – 10%.
- Қазіргі таңда 10% мөлшерлеме қолданылатын салалар бизнес өкілдерімен талқыланып жатыр.