Қазақстанда 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған – Әлихан Смайылов
Қазақстанда 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды. Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов осындай дерек келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Смайылов халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне тоқталды. Үкімет басшысы кәмелетке толмаған балаларға қазірден қаржылық сауаттылықты үйрету маңызды екенін атап өтті. Ол үшін оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламасына қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесіне назар аудару қажет деді министр.
"Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары шеңберінде қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керек. Ғылым министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиіс. Кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеу керектігін, кредитті қалай және қандай кредит алу керектігін нақты түсінуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар", – деді Смайылов.
Оның айтуынша, халықтың шамадан тыс кредит алу проблемасын шешу құралдарының бірі – азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы институты. Сондай-ақ Әлихан Смайылов қазір елімізде 6 мыңнан аса азамат банкрот деп танылғанын мәлімдеді. Алайда борышкерлердің бәрінде бірдей банкроттық рәсімін пайдалану мүмкіндігі жоқ.
"Проблемалық қарыз алушыларды көбірек қамту үшін қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бірақ адамдарда "банкрот болсақ, қарызды жаба салады екен" деген қате түсінік болмауы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілік және белгілі бір шектеулері бар маңызды қадам", – деді ол.