Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 200 млн долларға экологиялық таза автомобиль және авиация отынын өндіретін зауыт салынбақ

Фото: энергоинновация.рф

Қазақстанда ТМД елдері ішінде алғаш рет экологиялық таза автомобиль және авиациялық отын өндіретін зауыт салынады. Жобаға шамамен 200 миллион доллар инвестиция тартылып, зауыт жылына 50 мың тонна өнім шығармақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет отырысында KazFoodProduckts бас директоры Әлихан Талғатбек “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ және америкалық серіктестермен бірлесіп экологиялық таза автомобиль және авиациялық отын (SAF) өндіретін зауыт салу жобасын бастағанын айтты. Бұл ТМД елдеріндегі осындай бағыттағы алғашқы жоба. Зауыттың қуаты – 50 мың тонна, ал инвестиция шамамен 200 миллион доллар (97 миллиард 892 миллион теңге) болмақ. Сондай-ақ компанияның агроөнеркәсіптік кешенде өндірісті әртараптандыру тәжірибесі туралы айтылды.


Атыраудағы полипропилен зауыты жабылып қалмау үшін Ресейдің пропанын пайдаланған


Қазақстандық миллионер Пәкістанмен бірлесіп Жетісу облысында 20 миллион долларлық зауыт салмақ


Сонымен қатар ол өзіне тиесілі KazFoodProduckts компаниясы туралы да сөз қозғады. Айтуынша, компания 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында жұмыс істемейтін “Биохим” зауытын сатып алған. Қысқа мерзім ішінде жаңғырту жұмыстары жүріп, технологиялық процестер қалпына келтіріліп, кәсіпорын іске қосылған.

“Қазір біз жыл сайын 300 мың тонна астықты жоғары өңделген өнімдерге – крахмал, бидай глютені және биоэтанолға бөліп өңдейміз. Осының арқасында жай астық экспортымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары қосылған құн қалыптасады. Нәтижесінде өндірілген биоэтанол Еуропа елдеріне экспортталады. Ал глютен бізге алыс шетелдердің, соның ішінде АҚШ пен Жапонияның нарықтарын ашты. Өз кезегінде крахмалды ТМД және Азия елдеріне негізгі жеткізуші болып отырмыз”, – деді Әлихан Талғатбек.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2033 жылы төртінші мұнай өңдеу зауыты іске қосылатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 11:28