Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балаларды туғаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеу қайта басталады
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі азаматтарды тіркеу туралы бұйрыққа өзгерістер енгізу жөнінде жоба жариялады. Жобаға сәйкес, туған сәттен бастап балаларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу қайта міндеттелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалар тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге жатпайды. Салдарынан елде халықтың нақты есебін жүргізуде қиындықтар туындаған. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі бұл ережені алып тастап, ата-аналарды балаларын туған сәтінен бастап тіркеуге міндеттемек.
2020 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросында 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты мекенжай мәліметтерінің жоқтығы айтылды. Бұл елдегі демографиялық жағдайдың жалпы көрінісін қалыптастыруға, атап айтқанда халық саны, туу көрсеткіші, өлім-жітім және басқа да әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерді анықтауға кедергі келтіреді. Жаңа ережелер қабылданғаннан кейін мұндай мәліметтер бала туғаннан кейін бірден енгізіледі.
Енді 16 жасқа дейінгі балаларды тіркеу кезінде жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі – туу туралы куәлік немесе 14 жастан асқан жағдайда жеке куәлік ұсынылуға тиіс.
Сондай-ақ жобада "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлеріне жеке куәліктер мен паспорттар беру өкілеттіктері бекітіледі. Бұл тәжірибе пилоттық жоба аясында сынақтан өткен және министрліктің мәліметінше, көші-қон бөлімдеріндегі кезектерді азайтып, қызметкерлердің жүктемесін жеңілдетуге жағдай жасаған.
Енді корпорация қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындайтын уәкілетті тұлғаларға теңестіріледі. Бұл олардың азаматтарды құжаттандыру үдерісіне кеңінен қатысуына жол ашады.
Аталған өзгерістер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбейді деп сендірді. Құжат жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды және азаматтар 15 шілдеге дейін өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіре алады.

Қазақстандық әйел шетелдік күйеуінің кесірінен 2 жасар қызымен табыса алмай жүр
