Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы 13 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді: Олардың басым бөлігі қайдан келеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпанға дейін Қазақстан аумағында 13 072 шетелдік азамат жұмыс істеуге рұқсат алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту үдерісі белгілі бір квота мен рұқсаттарға негізделеді. 

Шетелдік жұмыс күшінің санаттары:

  • 568 адам – бірінші санат (басшылар мен олардың орынбасарлары).
  • 2 528 адам – екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары).
  • 4 787 адам – үшінші санат (мамандар).
  • 987 адам – төртінші санат (білікті жұмысшылар).
  • 672 адам – маусымдық жұмыстарға тартылған.
  • 3 530 адам – корпоративтік ауыстыру аясында келгендер.

Сала бойынша ең көп шетелдік мамандар жұмыс істейтін бағыттар:

  • Құрылыс – 5 343 адам.
  • Тау-кен өнеркәсібі және карьер қазу – 1 360 адам.
  • Өңдеу өнеркәсібі – 1 338 адам.
  • Әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 089 адам.
  • Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 688 адам.

Шетелдік жұмыс күшінің негізгі шығу елдері:

  • Қытай – 4 778 адам.
  • Түркия – 1 158 адам.
  • Үндістан – 1 121 адам.
  • Өзбекстан – 623 адам.

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартатын 1 710 жұмыс беруші бар. Бұл компанияларда жалпы 383,1 мыңнан астам қазақстандық азамат жұмыс істейді, яғни жалпы қызметкерлердің 96,6%-ы – жергілікті мамандар. Ішкі еңбек нарығын қорғау үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын шетелдік мамандарға квота белгілейді. 2025 жылы бұл квота жалпы жұмыс күшінің 0,2%-ын немесе 14,8 мың адам болды.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға уақытша және тұрақты тұруға рұқсат алу ережелері жаңартылғанын жаздық. Енді өтініш бергенде жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, медициналық сақтандыру, меншік иесінің келісімі және саусақ ізі алынғаны туралы куәлік қажет. Қосымша құжаттар өтініш иесінің мақсатына байланысты талап етіледі: отбасы біріктіру, білім алу, емделу, миссионерлік қызмет, кәсіпкерлік, жұмыс, немесе АХҚО-да еңбек ету. Жұмыс үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат, біліктілікті растайтын құжат және еңбек шарты қажет.

Талқылау