Қазақстандық студенттер оқу ақысының негізсіз қымбаттағанына наразы: ЖОО-лар келесі оқу жылына бағаны қаншаға өсірді
Фото: Stan.kz коллажы
Астанадағы өнер университетінің студенттері 2025-2026 оқу жылы үшін оқу ақысы күрт өскенін айтып, шағымданды. Сөздерінше, оқу ордасы елдегі инфляция мен жөндеу жұмыстарының шығынын желеу етіп, бағаны көтерген. Stan.kz тілшісі Қазақстандағы танымал білім ордаларындағы оқу құнының қаншалықты өзгергенін анықтады.
Астанадағы "Шабыт" яғни Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері оқу ақысының қымбаттағанына наразы. Олардың мәлімдеуінше, бекітілген сома өз құнына тұрмайды. Мәселен, университет ғимараты жыл бойы жөндеуде болғандықтан, студенттер Ramada қонақүйінде білім алған. Сондай-ақ өнер ордасы студенттерді мамандандырылған сынып, қажетті акустика, аспаптармен қамтамасыз етпеді дейді. Білім беру қызметінің деңгейі келісімшарт талаптарына сәйкес келмейтінін де айтып отыр.
“Толығырақ түсіндіруді немесе университеттің шығындары туралы есеп беруді сұраймыз. Қалай және неге 1-4-курс студенттері үшін оқу ақысы – 1 200 000 теңге, ал 5-курстан жоғарыларға одан да көп болып кетті? Мұндай шығындар қайдан шықты? Оқу құны 940 мыңнан 27% өсті, дегенмен Қазақстандағы инфляция – 11,3%. Олар ақылы бөлімде оқитын студенттермен келіспестен, оқу ақысын 260 000-ға көтерген. Бағаны көтерудің себебін көрсетіңіздер, ашықтық қайда?”, – деп жазды студент.
2024-2025 оқу жылында оқу ақысының заңды рәсімдерді сақтамай, айтарлықтай көтерілу фактісі бойынша студенттер университетке ұжымдық өтініш беріпті.
“Университет басшылығының мәліметінше, оқу ақысы 2, 3 және 4-курстар үшін 27%, 5-курс үшін 74% өсті. Алайда бұл студенттерге бұл туралы алдын ала хабарланбаған, келісімшарттарға түзетулер жасалмаған, ресми экономикалық негіздеме алмаған”, – деп жазды Шабыт өнерпаздары.
Сөздерінше, оқу орны бірнеше заңды бұзып отыр. Сонымен қатар оқу орнында мұғалімдер жиі келмей қалатынын, тиісті кабинеттер жоқ екенін айтты. Техникалық құрал-жабдықтарды студенттер өз қалтасынан сатып алады екен.
Шабыт әкімшілігі оқу құны 940 мың теңгеден өскенін растады. Олар бағаның өзгеруі инфляция, қызметкерлердің еңбек ақысының өсуіне және нормативтік өзгерістерге , шығындардың өсуіне байланысты екенін айтты.
“Бұл шешім қолданыстағы заңнама мен келісімшарт аясында жүзеге асты. Шарт бойынша студент оқу ақысын бірден төлесе, онда бұрынғыша қалады. Ал бөліп-бөліп төлесе, баға ауысуы мүмкін. Университет жылына бір рет оқу ақысын өзгертуге құқылы”, – делінген хабарламада.
Stan.kz тілшісі басқа да танымал білім ордаларындағы оқу құнына шолу ұсынады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
2024-2025 оқу жылында Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқу ақысы 1,1-1,3 миллион теңге болған. Бір жылда 200-300 мың теңгеге қымбаттап отыр. 2025-2026 оқу жылы үшін 1,35-1,6 миллион теңге болмақ.
Педагогикалық ғылымдарды таңдағандар 1,14 млн теңге төлесе, енді 1 миллион 350 мың теңге төлейді. Бұған дейін өнер және гуманитарлық ғылымдарды таңдағандар үшін 1,27 миллион теңге болса, жаңа оқу жылынан бастап 1,5 миллион теңге төлейді. Әлеуметтік ғылымдар, журналистика немесе математика мен статистиканы таңдағандар үшін 1,21 миллион теңгеден 1,45 миллион теңгеге өсті.
Ең қымбаты – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бөлімі, онда оқу ақысы – 1,6 миллион теңге.
Nazarbayev University (NU)
Назарбаев университетінде баға долларға тәуелді. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бағдарламасы – 12 мың доллар, ал бакалавр – 15 мың доллар.
Сол себепті 2024-2025 оқу жылы үшін жоғары оқу орнына дейінгі дайындық бағдарламасы бойынша оқу ақысы оқу жылына 5 808 000 теңге, бакалавриат бағдарламасы бойынша жылына 7 260 000 теңге еді. Енді 2025-2026 оқу жылында жоғары оқу орнына дейінгі дайындықты 6 132 000 теңгеге, ал бакалавр үшін 7 665 000 теңгеге оқиды. Демек баға 300-400 мың теңгеге өсіп отыр.
KIMEP UNIVERSITY
KIMEP UNIVERSITY Қазақстандағы қымбат жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Мұнда бағалар 1 кредит үшін есептеледі. Мысалы 1 жылда студент 30-36 кредит оқуы мүмкін. 2024-2025 оқу жылы үшін 1 кредит 126 710 теңге еді. Сонда 3,8-4,5 миллион теңгедей төлейтін. Енді 1 кредит – 145 090 теңге. Демек студенттер 4,3-5,2 миллион теңге төлемек. Бір жылда баға 500-600 мың теңгеге өсіп отыр.
Сүлеймен Демирел атындағы университет (SDU)
Бұл оқу орнындағы баға айырмашылығы былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай көп емес. 2024-2025 оқу жылы үшін 1 миллион 80 мың-2 миллион 220 мың теңге аралығында болса, 2025-2026 оқу жылы үшін 1 миллион 80 мың-2 миллион 400 мың теңге болып отыр. Яғни “Бастауышта оқыту педагогикасы” мамандығы бойынша баға өзгермеген. Бұған дейін “Педагогика және психология”, “Тарих”, “Физика-информатика”, “Филология”, “Химия-биология” саласының болашақ мамандары 1,2 миллион теңге төлесе, енді олар 30 мың теңгеге көбірек төлейді. Бизнес мектебінің студенттері 2,22 миллион теңге орнына 2,4 миллион теңге төлеуі керек.
Satbayev University
2024-2025 оқу ақысы бойынша Сәтбаев университетінде оқу 905 мыңнан 1,11 миллион теңгеге дейінгі сомада еді. Тау-кен және пайдалы қазбаларды өндіру, электротехника және автоматика, ақпараттық технологиялар, металлургия, электротехника және энергетиканы таңдағандар 1 111 380 теңге төледі. Енді 2025-2026 оқу жылында олар 1 278 060 теңге төлейді. Яғни оқу шамамен 160 мың теңгеге қымбаттаған.
Ендігі оқу жылының ақысын өзгеріссіз қалдырған ЖОО-лар да бар. Мәселен Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде тек “Екі шет тілі” мамандығының оқу бағасы 900 мың теңгеден 1 миллион теңгеге өскен. Қалған мамандықтар үшін 900 мың теңгеден 1,13 миллион теңгеге дейін төлейді.
2024 жылдан бері С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде оқу 1,23-2,1 миллион теңге аралығында. 2025-2026 оқу жылына баға өзгермейді. Одан бөлек, колледж базасы ретінде 550 мың теңгеге “Медбике ісі” мамандығын оқуға болады. Ең қымбаты “Стоматология” бөлімі екен, ол үшін 2 миллион 100 мың теңге төлеу қажет.
Нархоз университетінің әкімшілігі ЖОО-да оқу бағасы кредит санына байланысты дейді. Мамандық түріне байланысты да кредит бағасы әртүрлі. Студенттерге бір кредит үшін 26 мыңнан 38,7 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді. Оқу жылына ұсынылатын кредит саны – 62-70. Яғни оқу құны 1,6 миллион теңгеден бастап 2,7 миллион теңгеге дейін барады.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті әзірге 2025-2026 оқу жылы үшін баға бекітілмегенін айтты. Алайда оқу құны 500 мың теңгеден (мейірбике ісі) 1,7 миллион теңгеге дейін. Болашақ психолог, тарихшы, химиктер 1,1 млн теңге, биология және жаратылыстану ғылымдары бойынша – 1,2 млн теңге.

Қазақстандық студенттер оқу ақысының негізсіз қымбаттағанына наразы: ЖОО-лар келесі оқу жылына бағаны қаншаға өсірді
