Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап жеке қауіпсіздік сабақтары қайта енгізіледі
Фото: pixabay.com
1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады. Бұл сабақтар балалардың түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуге қажет практикалық дағдыларын қалыптастыруға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауын дамытуға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сабақтар балабақшалардан бастап колледждерге дейін білім берудің барлық деңгейін қамтиды. Әр жас ерекшелігіне сәйкес бөлек блок әзірленген:
• балабақша жедел қызмет нөмірлерін білу, ойын және демалыс алаңдарындағы қауіпсіздік ережелері;
• бастауыш сыныптар судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен кездескенде өзін ұстау, қаңғыбас иттерден қорғану;
• орта буын сыныптары буллинг пен кибербуллинг, қауіпті интернет-әуестенулер, бейтаныстардың ұсыныстарынан бас тарту, өз іс-әрекетіне жауапкершілікті қалыптастыру;
• жоғары сыныптар мен колледждер қаржылық сауат, алаяқтардан қорғану, онлайн ойындардағы тәуекелдер, еңбек қауіпсіздігі, өз құқықтары мен міндеттерін білу, жеке әрекеттері үшін жауапкершілік.
Сабақтар әр аптада сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі және тақырыптар жылына үш рет қайталанады.
Бағдарламаны іске асыру барысында үш кезеңді мониторинг жүргізілді. Оның ішінде педагогтер мен психологтарға арналған кеңестер мен вебинарлар ұйымдастырылды, сондай-ақ полиция, ТЖМ және денсаулық сақтау өкілдері тартылды. Анкета алу, жобалар, бейнероликтер және өзге де интерактивті әдістер қолданылды.
"Тәжірибе көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын төмендетіп, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады және оларды өмірдегі, онлайн ортадағы күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді", – деп атап өтті оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Қазақстанда енді мектептерде алгебра мен геометрияны бір пәнге біріктіру ұсынылды
Министрлік Қазақстанда қайырымдылыққа үйрететін мектеп ашпақ
Еске салайық, бұған дейін Талғар ауданындағы 3 колледж бен 10 мектепте жаңа оқу жылынан бастап “Заң және тәртіп” пәні пилоттық түрде енгізілетінін жазған едік. Ол 7–10-сыныптағы 7 500 оқушыны қамтиды. Сабақтар құқықбұзушылықтың алдын алу, буллингке қарсы күрес және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Жоба сәтті болса, еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
