Қазақстан үкіметі отставкаға кетеді ме?
Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қатысты селекторлық отырыста үкімет пен әкімдерді тағы сынға алды. Естеріңізде болса, жағдайды тұрақтандыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев оларға екі апта уақыт берген еді. Соның бір жетісі көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Енді атқарушы биліктің 7 күндей уақыты қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.
Президенттің қатысуымен өткен үкімет отырысының өткеніне де 10 күннің жүзі болды. Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне қарата сөйлеп, бүгінгі қызметтеріңе лайықсыңдар ма деген сауалды ортаға тастаған еді.
"Мемлекеттік аппаратқа білімді, білікті, ойы ұшқыр, адал мамандар керек. Бізде осындай азаматтар жеткілікті ме? Енді осында отырғандар айтылған талаптар сай келеді ме? Соны ойланыңыздар", - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жағдайды түзеуге, қате тұстарын күзеуге деп берілген уақыт аз қалды. Президенттің алдына келгенде сан түрлі статистиканы сорпаша сапыратын министрлер барлығы бақылауда, барлығы «чики-чики» дейтінін білеміз.
"Шілде айының көрсеткіштері басқаша болатын шығар. Бірақ осы жолғы шектеу шараларының талаптары бөлек. Себебі, жүк тасымалдау, әуе қатынасы құрылыс нысандары мен сауда орындары жұмыс істеп тұр. Біз бизнестің жағдайын бақылауда ұстаудамыз", - деді ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Келелі мәселелер көтерілгенде жалпы ахуал көңіл көншілерліктей болып шығады. Алайда мына сандарға бір мән берейік.
300 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанның қызметі тоқтаған. 1 миллионға жуық қызмет көрсету мен сауда саласының өкілдері пандемия кесірінен шығынға ұшыраған. 1,6 миллионға жуық адам ақысыз демалысқа жіберілген. 14-15 мыңнан астам бизнес өкілі банктерге қарызын шегеруді сұраған. 4,5 миллионға жуық азамат 42 500 тг көлемінде әлеуметтік төлем алған.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл цифрлар бір емес, бірқатар министрлер одан қалды өңір басшыларының сөзі мен ісі бөлек екенін дәлелдеп берді. Карантинмен қол ұстаса кризис келді. Ал біздің атқамінерлер дайын болмай шықты.
"Біздің атқарушы билікте отырған менеджерлердің риск менеджментті толық меңгере алмағандығы тәуекелді басқару және жұмысты тиімді ұйымдастыру жағынан өте қатты олқылықтар бар. Және ең үлкені, ең қиыны Президенттің тапсырмасын орындау барысында жіберілетін қателіктер. Өздерін қатты бір шендіміз деп санай ма?", - дейді экономист Мақсат Халық.
Министрлер мен әкімдер мұңайса да, сан түрлі сылтау айтса да енді ақтала алмайды. Бұл саясаттанушы Әмребаевтың пікірі. Олар вирус тарала бастаған кезде-ақ, жағдайды бағдарлап, даярлануы керек еді.
"Осы уақытты пайдаланып дәрі-дәрмекпен, ИВЛ аппараттарымен жетілдіру мәселесін шешу керек еді. Жаңа стационарларды ашу керек еді. Мамандарды дұрыстап дайындау керек еді", - дейді саясаттанушы Айдар Әмребаев.
- "Екі аптада жағдай түзелмесе, кадрлық өзгерістер орын алады": Президент үкіметті отставкаға жіберем деп қорқытты
- Қазақстандықтар Елжан Біртановты жауапқа тартуды сұрауда. Десек те оны жақтаушылар да табылды
Саясаттанушы Дос Көшім, пандемияның ауқымын көре тұра, қос орган дер кезінде қам жасамағанын айтады.
"Осы төтенше жағдайдың заңын қабылдау керек еді. Сол уақытта біз дәріханалардағы алыпсатарлар, 10-20 есеге сатып жүргендер, гуманитарлық көмекті өз пайдасына пайдаланып жатқандар немесе оны дер кезінде ашпағандар. Немесе ауруханалардағы жұмысты ұйымдастыра алмағандарға қатаң жаза тағайындалып ол заңдастырылуы керек еді. Парламент сондай заң шығару керек еді тез арада", - саясаттанушы Дос Көшім.
Қазіргі үкімет кетсе, олардың орнына кім басады? Самат Нұртаза кімдердің «берді құдай» деп отырғанын білемін, дейді.
"Өз саласын меңгерген, өз саласының әлсіз әрі мықты білетін ол тек қана орынбасарлар. Көбінесе әкімдер мен министрлердің қара жұмысын жасайтын да орынбасарлар. Сондықтан таяп келе жатқан өзгеріс менің ойымша бүгінгі басшылардың орынбасарларының туған жұлдызды сәті деп есептеймін, - деді саясаттанушы Самат Нұртаза.
Бұл дегеніңіз қозғалыс бар, өзгеріс жоқ дегеннің керісі. Жә, жаңа үкімет жасақталар. Бірақ олар жақынын жерлеп қабырғасы қайысқан, 42 500 теңгені ала алмай, кредитін жаба алмай зар болған қарашаның көңілінен шыға ала ма? Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді-ау. Десе де уақыт көрсетеді.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
