Lufthansa әуекомпаниясы Алматыға ұшқан қазақстандықтарды Астанада қалдырып кеткен: Іс сотта қаралды
Фото: lufthansa.com
Қазақстан соты немістің Lufthansa әуекомпаниясын жолаушыларға келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі заңгер Данилхан Шағатаевтың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Адвокаттың жазуынша, жолаушылар 2023 жылғы 21 желтоқсанда Франкфурт-на-Майнеден Алматыға LH1648 рейсімен ұшып шыққан, бірақ ұшақ әуеде кері бұрылып, Астана әуежайына қонған.
"Жолаушылар төрт сағатқа жуық кезекте тұрған. Осы уақыт ішінде олар ыстық тамақпен, сусынмен, қонақүймен және трансфермен қамтамасыз етілмеген. Әуекомпания өкілдері тарапынан ешқандай ақпарат болмаған, жағдайды түсіндірмеген. Кейін әуекомпания өкілі жолаушыларға басқа рейске билетті өз қалтасынан сатып алуды ұсынған. Әуекомпания билет құнын кейінірек өтеп беруге уәде берген", – деп түсіндіреді мән-жайды Данилхан Шағатаев.
Заңгердің сөзіне қарағанда, әуетасымалдаушы өкілдерінің уәдесінен кейін жолаушылар FlyArystan-ның 2023 жылғы 22 желтоқсандағы рейсіне билет сатып алған. Бұған қоса олар қонақүйге және салмағы асып кеткен жолжүкке ақы төлеуге мәжбүр болған.
Lufthansa өкілінің уәдесіне қарамастан, жолаушылардың ешқандай шығыны өтелмеген. Олар Азаматтық авиация комитетіне шағымдануға мәжбүр болған, бірақ еш нәтиже болмаған.
"Қазақстан қатысушы болып саналатын Монреаль конвенциясын басшылыққа ала отырып, шетелдік әуекомпаниясына қатысты шағымымызды Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты қарады. Нәтижесінде Lufthansa әр жолаушының сатып алынған билет құнын, қонақүй шығындарын, артық жолжүкке төленген шығынды, моральдық және сот шығындарын өтейтін болды", – деп жазды адвокат.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
