Қазақстан сыртқы саясатта Ресеймен арадағы ынтымақтастыққа ерекше басымдық береді – СІМ
Мәскеуде ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездескен Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу еліміздің Ресей Федерациясымен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға ерекше басымдық беретінін айтқан деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Коммерсантъ басылымына сілтеме жасап.
Мұрат Нұртілеу елдердің өзара сауда көлемін 30 миллиард долларға жеткізуге толық мүмкіндігі бар екенін айтқан.
Келіссөздер барысында Сергей Лавров Ресей Қазақстанмен бейбіт атом және газ саласындағы ынтымақтастықты дамытуда үлкен ілгерілеуді көріп отырғанын атап өткен.
"Перспективалы бағыттарының ішінде біз энергетиканы ерекше атап өтеміз. Біз бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты дамытуда және газ саласындағы ынтымақтастықтың жол картасын жүзеге асыруда үлкен әлеуетті көріп отырмыз", - деген Лавров.
- Ресей президенті күзде Қазақстанға келмек
- Ресейде әскерге шақыртылған азаматтарға шетелге шығуға тыйым салынды
- Әзірбайжан мен Армения шекарасында жаңа қақтығыстар орын алды: Қаза тапқандар бар
Ресей СІМ басшысының айтуынша, транзит, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықта да алға жылжу байқалады. Ол сондай-ақ Мәскеу мен Астана арасындағы одақтастық қарым-қатынастар Орталық Азия мен жалпы Еуразиядағы тұрақтылықтың факторы екенін атап өткен.
"Бізде Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы ынтымақтастық Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторы және жалпы еуразиялық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді деген ортақ пікір бар", - дейді Лавров.
Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Ресейге экспорт 25 пайызға өсіп, 8,8 миллиард долларға жеткен. Алайда импорт көрсеткіштері 1,5%-ға төмендеп, 17,3 млрд долларды құраған.