Қазақстандағы импичмент: Мемлекет басшысы қандай жағдайда лауазымынан айырылады
Дональд Трамптың аты АҚШ тарихында Палата өкілдері импичмент жариялаған үшінші президент ретінде қалатын секілді. Әлемдегі ең алпауыт елінің басшысына заң бұзушылық туралы айып екі бап бойынша тағылды. Оның президент мәртебесін сақтап қалу-қалмауы алдағы жылдың қаңтарында Сенат отырысында шешіледі. Импичмент мәселесі Қазақстанда да қарастырылған, алайда еліміздегі жағдай АҚШ Конституциясында айтылғаннан мүлдем бөлек. Ал Қазақстан президентіне импичмент қандай жағдайда жарияланатындығы туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді.
«Конституцияның негізін қалағандар президентті лауазымынан айыру үдерісін әдейі қиындатып жіберген»
АҚШ журналисі Дэйв Роос
Алдымен импичмент сөзінің мағынасына тоқталып өтсек. Импичмент саясаткерлер мен шенеуніктердің бітімге келе алмау себебінен туындап, мемлекеттің саяси жағдайының ушығуына байланысты қолданылатын ақырғы шара болып табылады. Импичмент түсінігі 1376 жылы Англияда пайда болған. Еуропа мемлекеті орта ғасырларда монархиялық билікте туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алу жолын сол кезде ойластырып қойған. Бұл уақыттың өзінде Англияда Парламент құрылған екен. Дегенмен бұл кездегі импичмент биліктегі патшаны тақтан құлату деген сөз емес көрінеді. Көп жағдайда патшаның әмірімен тағайындалған шенеуніктер мемлекет қазынасын оңды-солды шашып, басқаларының ашуын келтіре бастаған. Монархтың аталмыш мәселеге көз жұмып қарап отырғанына шыдамаған ақсүйектер импичментті ойлап тапқан. Ақсүйектердің жартысынан көбі дауыс берген жағдайда заң бұзған шенеунік патшаның бұйрығынсыз жазаға кесіледі екен.
Соңғы рет 1806 жылы қолданылған бұл бастама кейіннен АҚШ Конституциясынан орын тапты. Кейбір жайттарға өзгертулер енгізіліп, импичмент енді мемлекет басшысына қарсы қолданылатын болған.
Сонымен, импичмент дегеніміз - заң шығарушы өкілдерінің көпшілігі президент немесе басқа да билік өкілі мемлекетке қарсы опасыздық, жемқорлық немесе басқа да ауыр қылмысқа бет бұрды деп тапқан жағдайда ол адамды лауазымынан босатуға бағытталған мемлекеттің Конгресске берген құзіреті. Бұл үдерісте Палата өкілдері шенеуніктің заңбұзушылыққа баруына байланысты дауыс берген соң, оның әрекеті Сенатта қаралады. Тек содан кейін ғана оның кінәлі-кінәсіздігі анықталып, жаза тағайындалады.
Қазақстанда импичмент қандай жағдайда жарияланады?
Қазақстан президентінің лауазымы мен міндеттері Конституцияның үшінші бөлімінде көрсетілген. Заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып саналады.
Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтатуы жайлы мәселелер Ата Заңның 42 және 47 баптарында қарастырылыпты. 47 баптың бірінші тармағында президенттің өз еркімен қандай жағдайда лауазымын босата алатындығы айтылса, екіншісінде тақырыпқа арқау болған импичмент жайлы деректер келтірілген.
Қазақстандағы импичмент мәселесі АҚШ-пен салыстырғанда қатты ерекшеленеді. Республиканың президенті мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауапкершілікке тартылып, импичмент жарияланады екен. Мемлекет басшысын қызметінен Парламент қана кетіре алады.
ҚР ҚК-нің 175 бабына сәйкес мемлекетке опасыздық жасады деген айып мына жағдайларда тағайындалады: Қазақстан Республикасы азаматының қарулы қақтығыс уақытында жау жағына өтiп кетуі, сол сияқты тыңшылық жасауы, мемлекеттiк құпияларды шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдiк ұйымға не олардың өкiлдерiне беруі, ҚР-ның ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған әрекетті жүргізуге оның өзге де көмек көрсетуі.
Айып тағу және оны тексеру туралы шешім Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілігі, кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша қабылдануы мүмкін. Яғни 107 депутаттың кем дегенде 36-сы президентті кінәлі деп тауып импичмент жариялайды, тағы 54 адам мақұлдаған кезде ғана Сенатқа жіберіледі. Тағылған айыпты тексеруді Сенат ұйымдастырады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусы (49 депутаттың 25-і) жиналған соң оның нәтижелері Парламент Палаталарының бірлескен отырысының қарауына беріледі.
Алғашында оңай әрі түсінікті болып көрінгенмен, мәселенің түп-төркіні басқа жақта жатқан көрінеді. Айтып отырған Сенат әр облыстан сайланған 2 депутат пен президент бекіткен 15 адамнан құралады. Яғни импчиментке қажетті 25 дауыстың жиналуы тіпті ғажап дүние.
Бұған қоса президентке тағылған айыпты Жоғарғы сот қолдауы шарт. Бірақ сот төрағасы да президент бұйрығымен тағайындалады. Тек жоғарыда аталған ережелер жүзеге асқан жағдайда Конституциялық Кеңес конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытынды жасап, президент импичменті Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Осы сәтте Конституциялық Кеңес 7 адамнан құралатындығы мен кеңестің басшысы мен 2 өкілін тағы да президент бекітетінін атап өту маңызды.
Тағылған айыпқа байланысты екі ай ішінде түпкілікті шешім шығарылмаса, Республика президенті жауапкершіліктен толығымен босатылады. Бұған қоса мемлекет басшысы тергеу ісінің кез-келген сатысында ақталып алынуы мүмкін. Ал опасыздық жасады деп президентті айыптаған Мәжіліс депутаттарының өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Көріп отырғанымыздай, Қазақстандағы президент импичменті жүзеге асырылуы өте қиын үдеріс. Себебі тергеу амалдарының кез-келген деңгейінде мемлекет басшысын жауапкершілікке тарту түптеп келгенде президенттің өзіне келіп тіреледі. Бұл үдеріс белгілі бір уақытта тоқтап қалуы мүмкін, ал оны қайтадан бастауға Парламенттің қауқары қалмай қалуы ғажап емес.
Дайындаған Дидар Халық