Қазақстан не себепті ана капиталын төлеуден бас тартты
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов Қазақстанда қоғамда көтеріліп тұратын ана капиталын енгізу мәселесі бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ана капиталы уақытша шара болып табылады және халықтың табиғи кему процесін еңсеру үшін тууды ынталандыру мақсатында жүзеге асырылады. Ана капиталы өмір бойы бір рет немесе екі рет сертификат түрінде белгілі бір мақсаттарға беріледі, мысалы, бұған тұрғын үй жағдайын жақсарту, балаларды тәрбиелеу, мүгедектігі бар баланы қоғамға бейімдеу және біріктіру, ана зейнетақысының жинақтаушы бөлігі жатады. Сонымен қатар сертификат иелері әрқашан ана капиталын пайдалана алмайды. Мысалы, тұрғын үй сатып алу үшін ипотеканы рәсімдеу кезінде соманы бастапқы жарна ретінде енгізу үшін төлем қабілеттілігін растау қажет, ал балаларды оқыту үшін мектепті бітіргенін күту қажет", – деді департамент басшысы.
Бұған қоса, ол еліміздегі бала туу көрсеткішіне тоқталды.
"Біздің еліміздегі ана мен баланы қолдаудың қолданыстағы жүйесі өтелетін тәуекелдің бүкіл ұзақтығы ішінде жәрдемақыларды төлеудің уақтылығы мен кезеңділігіне кепілдік береді. Сонымен қатар бүгінгі таңда бала тууды арттыру мәселесі Қазақстанда проблемалық аспект болып табылмайды, өйткені 2020 жылы бала туу коэффициенті 3,13-ке жетті, ал халықтың өзін-өзі өсіруі үшін жеткілікті деңгей 2,1 болып табылады", – деді ол.
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" наградаларын алған көп балалы аналар қандай жеңілдіктерге ие?
- "Бізге де "Батыр әке" атағы берілсе": Қазақстанда көп балалы, жалғызбасты әкелер қалай өмір сүріп жатыр?
Еске салсақ, бұған дейін еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов әр балаға 42 500 теңге жәрдемақы төлеу туралы пікір білдірген еді. Оның сөзінше, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 миллионнан аса бала бар, ал оның барлығына ақша төлеу бюджетке ауырлық түсіруі мүмкін. Десек те, егер қазақстандық мамандар шетелдің тәжірибелерінен оңтайлы нұсқа табылса, елдегі жәрдемақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты Айжан Сқақова жәрдемақы мен төлемдердің барлық түрлерін жойып, 18 жасқа дейінгі әр балаға бір әмбебап жәрдемақы енгізуді ұсынған болатын.
Сқақова 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда орташа жалақы 230 829 теңгеге (шамамен 540 доллар) жеткенін, дегенмен, отбасында бірнеше бала болса, бұл ақша да жеткіліксіз екенін хабарлады.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
