Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізге де "Батыр әке" атағы берілсе": Қазақстанда көп балалы, жалғызбасты әкелер қалай өмір сүріп жатыр?

Елімізде отбасындағы ананың рөлі, көп балалы, жалғызбасты аналардың жағдайы мен мәртебесі жайлы көп айтылады. Алайда отбасы асыраушысы мен қамқоршысы әке жайлы, оның қоғамдағы статусы туралы мәселе көтеріле бермейді. Қазақстандық ер азаматтар әке болу дегенді қалай түсінеді, осы рөлді отбасында қалай атқарады? Stan.kz тілшісі көп балалы, жалғызбасты әкелермен сөйлесіп, олардың отбасы жайлы ойы, бала тәрбиесіндегі принциптері жайлы сөйлесті. 

Қоғамда әкенің бала тәрбиесінде рөлі төмендеп кетуіне байланысты, сондай-ақ, ажырасу, жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін алдын алу мақсатында 2020 жылы “Қазақстанның әкелері” Республикалық әкелер қауымдастығы құрылады. Қауымдастықтың төрағасы Аманғос Кулов әкелер институтын жандандырудың маңызды екенін айтады. 

“Ұйым былтыр қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді. “Ең бақытты ел” қоғамдық қорымен “Саналы әке” тақырыбында тренингтер өтті. Жанұядағы әкенің рөлі төмендегені рас. Ажырасу, жасөспірімдер арасында суицид, отбасында тұрмыстық зомбылық көбейіп кетті. Әкелер институтын жандандыру мақсатында қауымдастық құрып отырмыз. Қазақстан әкелері әлеуметтік желілерде бар. Өзіміз сияқты қарапайым әкелерге саналы әке болу, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, ер мен әйел арасында психологиялық ерекшеліктер тақырыптарында тренингтер өтеді.

Әкелердің өздеріне сөз беріп, қандай айтатын ой, пікірлері барын сұрағанда көбі мектеп қабырғасында ер мұғалімдер көп болуын сұрайды. Педагогикалық мамандықтарға бөлінетін гранттар ер балаларға көбірек тағайындалса дейді. Жалғызбасты әкелер балаларын оқуға грантқа түсіруге мүмкіндіктер берілсе деген тілектерін айтады. 

Сол тренингтерге қатысып, көп білім алдық. Жасымыз 41-ге келсе де, талай нәрсені білмейтінімізді түсіндім.

Беделді, белсенді әкелерді Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатарымызға қосып жатырмыз. Тренингтерде айтылған, берілген білімді пайдаланамыз. Өз басым жанұямда қолданудамын”, – дейді Аманғос Кулов.

Республикалық әкелер қауымдастығының төрағасы, 41 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Аманғос Кулов бүгінде алты баланы тәрбиелеп отырған көп балалы әке. Жұмысы вахтада болған соң, көп уақыты еңбек етумен өтеді. Алайда балаларына да қамқор болып, сабақ, тәртібіне баскөз болуға үлгереді. 

“Үш ұл, үш қызым бар: үлкені 22-ге, кенжесі 4-ке толады. Мұнай-газ саласында вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Бала мен ата-ана арасындағы ауыз біршілігіміз мол. 

Тәрбиеге келетін болсақ, вахтамен істеймін, он бес күн жұмыста жүрген уақытымды демалыста өтеуге тырысамын. Қазір техниканың заманы болғандықтан, видео хабарлама арқылы сөйлеcеміз. Анасы күндіз жұмыста, кешке келген соң уақыт бөледі. Балаларым мектептегі жаңалықтарын айтып отырады. Ненің ақ, ненің қара екенін айтып, түсіндіремін. Демалыста балаларымды қасыма алып Ұлы Отан соғысы жайлы фильмдерді көргенді ұнатамын. Серуен кезінде саябақтарға, батырлар аллеясына барып, әр жердің ерекшелігін түсіндіреміз. Әр баланың пән бойынша чаттарында отырып, үлгерімін бағалаймын”, –дейді көп балалы әке. 

Айтуынша, әке отбасында жауапты, саналы болуы керек.

“Асқартаудай әке” деген дана сөз бекер айтылмаған. Әке асыраушы, қорғаушы. Қандай жағдай болмасын одан шыға алатын ақылшы. Әкенің үш міндеті бар: балаларын өсіріп, тәрбиелеп, аяқтандыру, үй салу, соңғысы тал отырғызу.

Әке баланы қолына ұстағаннан кейін, оны бағып-қаға бастаған соң өзінің әке екенін сезінеді. Оның міндеті жанұяға саналы түрде отбасын қорғаушы ретінде қарау, отбасына көбірек көңіл бөлу”, – дейді ол. 

Әкелердің рөлі қатты төмендеп кеткен, олар бала тәрбиесіне көп қатыспайды. Осы орайда көп балалы әкелер, жалғызбасты әкелерге үкімет тарапынан көмек берілсе, дейді Аманғос Кулов.

“Қазір олардың бірінші міндеті ақша табу болды. Аналарға ғана емес, әкелерге де үкімет тарапынан қолдау берілсе игі еді. Себебі қазір мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Үкімет тарапынан ынталандыру шаралары жасалса, мәселен, жалғызбасты әкелерге “батыр әке”, “батыл әке” деген мәртебе берсе, ЖОО-дан бюджет есебінен білім алуға мүмкіндік ұсынылса, көп балалы әкелерге аналарға берілгендей, батыр атағы, орден тағайындалып, кез келген жерде мәртебесін көтеріп, биіктетіп, орын беріп отырса, айлықтарына үстемақы жүрсе дұрыс болар еді. Себебі қанша “әке” деп төс ұрғанымызбен, шындығына келгенде әкенің рөлі ешқайда көрінбей жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Қазіргі әкелердің бірсыпырасы 24 сағатының 6 сағатын ұйқыға, қалған 18 сағатын жұмысқа барып-келуге жұмсайды. Сонда қарап отырсақ, әкенің бала тәрбиелеуге де уақыты болмай қалады”, –дейді ол. 

Оның айтуынша, қандай әке болмасын балалары қатарынан қалмасын деп, жұмыс істеп жүреді, таңертең барып, кешке келеді. Сондықтан әкелердің статусын көтеру маңызды. 

“Кей жанұяларда мүгедек балалар бар. Менің де қыздарымның бірі мүмкіндігі шектеулі. Осындай балалары бар отбасыларға жіті көңіл бөлінсе, деңгейлерін жоғарылатса, себебі қазір қазақстандық медицинаның ахуалы белгілі. Шырылдайтын әкелер көп, олардың көбін үкімет естімейді. 


"Жаңа туған сәбиін қолына ұстай алмай кетті": Әйелінен айырылған әке бес баласын өзі тәрбиелеп отыр 


Біз ата-ана ретінде балаға қалай үлгі көрсетуіміз тиіс, бала да болашақта әке-шешесіне қарап сүйген жар іздейді. Әрине, жанұяда түсініспеушіліктер, ұрыс-керіс болып тұрады. Ондайды балаға көрсетпеуге тырысамыз, ондай жағдай орын алса бір-бірімізден кешірім сұраймыз”, –дейді көп балалы әке. 

Атырау тұрғыны, облыстық ҚХА Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы, төрт баланың әкесі 44 жастағы Нұржан Ермұханов үйленген соң үлкен аманатты қабылдап алу қажет, дейді. Ұрпақтарын аманаты деп бағалайтын азамат кейде баламен бала болып ойнап, алысып, кейде сырласып, азамат ретінде мотивация беріп жігерін көтеретінін жеткізді. Айтуынша, барынша жақсы әке болуға тырысуда.

“Төрт балам: Бекарыс 10 жаста, Санжар 8-де, Даниял 5 жасар, 11 айлық Жанел (Жаным елім дегеннен шыққан) есімді қызым бар. Балаларға таңертеңнен кешке дейін анасы қарайласады. Басқа кісіге қарату ойынан аулақпыз. Себебі өзіміз балаларға ата-ана ретінде әкелік, аналық мейірімді кішкене кезінен берген жөн деп есептедік. Кешке жұмыстан келген соң өзім көңіл бөлемін. Балаларға барынша жақсы қарауға тырысамыз. 

Әкенің рөлі қыз бала үшін де, ұл үшін де ерекше. Қызға қарап әкенің махаббаты жоғарыласа, ер балаға қарап әкенің абыройы, еңсесі көтеріледі. Ұл балаға әкенің ақыл-кеңесі, жүріс-тұрысы өте маңызды. Абай атамыз айтқандай әр азаматтың бойында “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” табылу үшін әке балаға үлгі болуы маңызды”, –дейді Нұржан Ермұханов.

Көп балалы әке жас әкелерге кеңесін айтты.

“Үйленген кезде үлкен аманатты қабылдап алу қажет. Жолдасың да, ұрпақтарың да аманат. Жас әкелер ешқашан зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін әу бастан уәделескен дұрыс деп есептеймін. Қандай жағдай болмасын ешқашан қол көтермеу, арада сыйластық пен сенім орнатуға серттескен жөн. Бұл менің өмірлік ұстанымым болып келе жатыр. 


"Алтын алқа", "Күміс алқа" наградаларын алған көп балалы аналар қандай жеңілдіктерге ие? 


Әрине, жалғызбасты әкелерге де, аналарға да оңай тимейді. Балаларды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету өз алдына, балаларға жақсы көңіл бөлу, бір-бірінің сыйластық қарым-қатынасын үлгі ету маңызды. Жалғызбасты әке бола тұра, жақсы тәрбие беріп отырғандар бар. Әкеге жауапкершілік артылып отырғаны белгілі. Осындай әкелерге құрметпен қарап, еңсесін көтеріп отырған дұрыс деп ойлаймын. Жалпы берекелі отбасы болу үшін үйде әкенің де, ананың да қарым-қатынасы дұрыс болуы керек”, – дейді ол. 

Жақсы әке бола алып жүрмін бе, оны уақыт көрсетер, дейді төрт баланың әкесі.

“Балаларыма осы күнге дейін мейлінше уақытым болғанда көңіл бөлуге тырысамын. Кейде баламен бала болып ойнап, алысып, кейде сырласып, азамат ретінде мотивация беріп жігерін көтеріп қоямын. Барынша жақсы әке болуға тырысамын. 

Қазақтың: “Бір жылдығын ойлаған адам бидай егеді, он жылдығын ойлаған адам ағаш ешеді, мәңгілігін ойлаған адам ұрпағының бойына ізгіліктің дәнін егеді” деген дана сөз бар. Ізгілік деген адамгершілік, мінезінің қалыптасуына, қоғамға ертеңгі күні белсенді азамат болып қалыптасуына әсер ету. Өз басым қоғамда қайырымдылық жасап жүрген жұмыстарға балаларымда арнайы алып шығып, солармен бірге аз қамтылған отбасыларға қажетті дәрі-дәрмек, киім-кешектерін апарып, табыстаймын, осылайша қоғамның азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамын”, – дейді Нұржан Ермұханов. 

Ақтөбелік 39 жастағы Жандос Оңайбеков жары көз жұмған соң Қызылжарға көшкен. Екі баласын өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке өмірде көп қиындықтар болғанын айтады. Алайда шыдамдылық пен еңбектің арқасында бүгінде отбасын асырап отыр, өзін бақытты сезінеді. 

“Екі балам бар, жүргізуші болып вахталық әдіс бойынша жұмыс істеймін. Анам балаларды қарайласуға көмектесіп тұрады. “Әкеге деген” сыйлы қарым-қатынасты анам балаларға сіңіріп жатыр. Қай жерде болмасын әкенің рөлі биік, ол өз ортасында сыйлы болады. Отбасымызда бір-бірімізді қатты сыйлап, жақсы көреміз. 

Жалғызбасты әкелерге айтарым, ешуақытта түңілмеңдер, қиындықты жеңесіңдер. Аналарымыздың, қарттарымыздың қадірін білейік. Еш нәрседен түңілмей өмір сүру керек”, – дейді ол.

Жандос алғашқы уақытта қиындықпен бетпе-бет келгенін айтады.

“Бастапқы төрт жылдағы қиындықты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Балаларым үшін өмір сүрдім. Әйел адамның өмірден бірінші болып өтуі ер адамға қатты тиеді екен. Жолдасы жоқ ерге бала тәрбиелеу қиынға соғады”, – дейді жалғызбасты әке. 

“Жұбайым көз жұмған соң мемлекеттен жәрдемақы тағайындалды. Одан артық ешқандай көмек сұраған емеспін. Жалақым 80 мың теңге, екі бала үшін 50 мың теңге жәрдемақы аламыз. Осымен күнімізді көріп жатырмыз. Осыған шүкір деймін”, – дейді ол.

Жандос Оңайбеков балалары үшін өмір сүретінін жасырмайды, өзін жақсы әке деп бағалайды.

“Балаларым аман болсын, солар үшін өмір сүремін. Ұлым да, қызым да түсінеді деп ойлаймын. Әрқашан маған “әке” деп мейірімін төгіп, “тамаша адамсыз” деп айтады. Ешқашан жоқ деген емессіз деп жақсы сөздер айтып отырады”, – дейді екі баланың әкесі. 

 

Талқылау