Қазақстан мұнайдың артық көлемін Әзірбайжан арқылы тасымалдайды - Ақшолақов
ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанның мұнай экспортының балама жолдарын іздеу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, бүгінде КҚК ең тиімді бағыт алайда таяу жылдары Қазақстан мұнай өндіруді ұлғайта түседі.
"Біздің негізгі міндетіміз – экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін КҚК-ның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар алдағы екі жылда біз мұнай өндіруді жылына 85,7-ден 103-ке, тіпті, мүмкін, 107 миллион тоннаға дейін арттырамыз. Мұндай жағдайда осындай үлкен көлемді тасымалдауды қалай тұрақты және үзіліссіз жеткізуге болатынын ойлану қажет", – деді ол.
- Мұнай базаларындағы және жолдағы АИ-92 бензині мен дизель отынының қоры 14-13 тәулікке жетеді - Министр
- Қазақстанда керосиннің қымбаттауына байланысты әуе билеттерінің де бағасы өсуі мүмкін
Энергетика министрі екі негізгі бағыттың қарастырылып жатқанын жеткізді. Олар – қолданыстағы мұнай құбырының көмегімен Қытай арқылы және Каспий теңізі арқылы. Екінші бағыт бойынша Қазақстан Әзірбайжанмен және Иранмен ынтымақтаса алады, бірақ соңғысы санкциялық қысымға ұшырап отыр.
"Артық көлемнің бір бөлігі Әзірбайжан арқылы жөнелтіледі, басқа үлкен көлемдер туралы айтуға әлі ерте", – деп атап өтті Ақшолақов.
Министр сондай-ақ алдағы бір-екі жылда мұнай бағасы барреліне 100 доллар деңгейінде қалады деген пікірін қосты. Болат Ақшолақов бұл бағаның барлық өндірушілер үшін қолайлы екенін айтты.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қазақстандық мұнайды экспорттауға қатысты келіссөздер жүргізілгені туралы ақпарат пайда болған. Егер ортақ келісімге келер болса, қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін "Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Супса" құбырларын пайдалануға болады.