Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді құтқарудың керегі жоқ": Орыс қызы Зюгановтың мәлімдемесіне жауап ретінде ерекше флешмоб бастады

Алматылық журналист Александра Мыскина Ресей оппозиционері Геннадий Зюгановтың Қазақстан туралы айтқанына жауап ретінде ерекше флешмоб бастады. Александраның Қазақстанда тұратын орыс ұлтына үндеуі ел ішінде кең тарап, флешмобты қолдаушылар саны көбейген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

флешмоб

Александра Мыскина өз Facebook парақшасында жазба жариялап, ақпараттық соғыстың Қазақстанның біртұтастығын жоюына жол бермеуге шақырды. 

"Қазақстандағы орыс ұлты! Ақпараттық соғыстың мультиэтникалық Қазақстанды бұзуына жол бермейік. Біз өз Жерұйығымызды ешқашан бермейміз. Өзгелер Қазақстандағы орыстарды не нәрседен құтқармақшы? Толы дастархан мен балаларды сәби кезінен баққан әжелердің ыстық алақынан ба? Біз қазақ тілін оқимыз және оқи береміз, себебі қазақтарды жақсы көреміз. Біз жаңа мектептердің ашылғанына қуанамыз, олардың қаза тілді болуы бізге кедергі емес. Бастысы, Алтынсарин айтқандай, "Кел, балалар, оқылық". Біз балаларымыздың бейбітшілікте білім алғанын қалаймыз. Мен "Қазақстан – менің Жерұйығым!" флешмобын бастаймын", - деп жазды ол. 

Келесі жазбасында Александра флешмоб бастағаны үшін өзіне алғыс айтудың керегі жоқ екенін және бұл оның парызы мәлімдеді. 


"Ресми наразылық болмайды": Қазақстан СІМ Зюгановтың елімізге қатысты айтқан сөзіне жауап берді


Флешмобты қолдағандардың бірі блогер және жаттықтырушы Дмитрий Куцель өзіне "орыстан шыққан қазақ" термині ұнайтынын жазды. 

"Жолдас Зюганов, бізді құтқарудың керегі жоқ, одан да өзіңізді құтқарыңыз. Мен Алматыда өстім. Маған "орыстан шыққан қазақ" термині ұнайды. Иә, мені достарым “найман” деп атайды және мен мұны мақтан тұтамын. Төртінші жүз – орыс жүз", - деп жазды Дмитрий Куцель.

Флешмобқа қосылған белгілі журналист, актер және тележүргізуші Ефим Иванов Александра Мыскинаның толығымен қолдайтынын айтты.

"Мені Мәскеуде "қазақ" деп атаған және мұнымен мақтанамын", - деді Иванов. 

Флешмобты Атырау тұрғындары да қолдаған. Кейбірі Қазақстанда өзге ұлт өкілдерімен ешқандай мәселе туындамағанын жазды. 

"Біздің көпұлтты елімізде ешқашан өзге ұлт өкілдерімен "мәселе" туындамаған. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Бізді достарымыздан, дәмді бауырсақтан және ақсақалдарымыздың ұлағатты сөздерінен құтқару керек пе?", - деп жазды желі қолданушыларының бірі. 

Айта кетейік, Ресей Коммунистік партиясының мүшесі Геннадий Зюганов Қазақстан туралы мәлімдеме жасап, еліміздегі орыстілді азаматтарды ұлтшылдардан қорғау керегін алға тартқан еді. Зюганов бұл туралы 20 қаңтарда айтқан, бірақ арада бір ай өткен соң оның мәлімдемесі ел ішінде кең тарап кеткен. 

Назархан Уән
Жұма, 11 Наурыз, 2022 14:33
Талқылау