Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Вьетнам сотталғандарды беру туралы келісімге келді: Сенат заңды мақұлдады

31 қазанда сенат депутаттары Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттарды ратификациялау жөніндегі заңды мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Shutterstock/FOTODOM

Аталған заң үш бағытты қамтиды:

  • Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету; 
  • Қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүрген адамдарды ұстап беру;
  • Сотталған адамдарды беру туралы.

“Бұған дейін 2017 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасында құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы екі шарт жасалып, екі тараппен де ратификацияланған. Бүгінгі заң үшінші бағытты реттейді. Келісім-шартқа 2023 жылдың 21 тамызында Ханой қаласында қол қойылған еді. Бұл шарттың мақсаты – екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайту және сотталған адамдардың қоғамға қайта араласуына көмектесу. Шарттар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, кәсіпкерлік, туристік және басқа да қарым-қатынастардың даму үрдісін ескере отырып жасалған”, – деді сенатор Наурызбай Байқадамов. 

Сенатор 2020 жылдары мыңға жуық Қазақстан азаматы Вьетнамға барса, ал 2024 жылдың тоғыз айында мұндай азаматтардың саны 106 мыңға дейін өскенін айтады.

“Яғни, 100 еседен астамға артып отыр. Келісім екі тараптың егемендігін, теңдігін және халықаралық нормаларды құрметтеу принциптеріне негізделеді. Аталған шартта "Беруші Тарап", "Қабылдаушы Тарап" және "сотталған адам" сияқты негізгі терминдердің нақты анықтамалары берілген. Бюрократиялық кідірістерді болдырмауға және беру процесінде жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында тиімді өзара әрекеттесу үшін жауапты орталық органдар ретінде Қазақстан тарапынан Бас прокуратура, Вьетнам тарапынан Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі айқындалған”, – деп қосты ол.

Заңға сәйкес сотталған адамды беру келесі шарттар болған жағдайда жүзеге асады:

  • сотталған адам қабылдаушы тараптың азаматы болуы қажет; 
  • адам қабылдаушы тараптың да ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып есептелетін іс-әрекеттер үшін сотталған болуы керек;
  • беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енген және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде бір жылға жетуге тиіс;
  • сотталған адамның жазбаша келісімі бар болған және екі тарап та беруге келіскен жағдайларда.
Талқылау