Қазақстан мен Ресей АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті
Фото: pixabay.com
Қазақстанның атомдық энергия жөніндегі агенттігі мен Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда АЭС салу жөніндегі жол картасын бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында атомдық энергия агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев кездесіп, жобаны дайындау мен іске асыру кезеңдерін айқындайтын құжаттарға қол қойды.
"Атап айтқанда, инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-келісімшарт жасау және жобалық құжаттаманы әзірлеуді қамтитын индикативтік жол картасы бекітілді", – деп хабарлады Атомдық энергия агенттігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС мен "Атомстройэкспорт" АҚ (Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы) арасында жобаны Алматы облысы Жамбыл ауданында жүзеге асыруға қатысты негізгі ынтымақтастық қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.
"Аталған стратегиялық жоба атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экономиканы декарбонизациялау бойынша стратегиялық міндеттерді іске асыруға бағытталған", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстанда бірінші Атом электр станциясын “Росатом” салатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Қазақстанда екінші АЭС-ті қытайлық компания салатыны белгілі болды.
Сонымен қатар Атом энергиясы жөніндегі агенттік еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу жобасы аясында Ресей Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынатынын мәлімдеді.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
