Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысын бастап кетті

Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында Ақтау портының өткізу қабілетін жылына 240 мың жиырма футтық эквивалентке дейін арттыратын алғашқы контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Қазақстан теміржолы

Контейнерлік хаб жобасын "Ляньюньган порты" АҚ және Ақтау теңіз сауда порты бірлесіп жүзеге асырып жатыр. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл жоба елдің халықаралық логистикалық жүйедегі ұстанымын арттырады және көлік-логистика саласының әлеуетін кеңейтеді.

“Нақтырақ айтсақ, хаб құрылысы Әзірбайжан, Грузия, Түркия арқылы Транскаспий бағытында контейнерлерді тасымалдауды ұлғайтуға және Қытайдан Еуропаға келетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағдарлауға мүмкіндік береді. Қазір 20-дан астам арнайы техниканың көмегімен жердегі учаскені вертикальді жоспарлау жұмысы істеліп жатыр”, – делінген хабарламада.



Еске салайық, қазір теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдар бойынша көрсеткіш 84%-ға артып, 58 мың ЖФЭ-ке(жиырма футтық эквивалент) тең. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХТМ) бойынша контейнерлік тасымалдар 2,7 есе өскен. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ортасында аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, биыл қыркүйек айында “Қазақстан теміржолы” Қазақстан мен Қытай бірлесіп контейнерлік хаб құратынын мәлімдеген еді. 

Бұған дейін Астанада LRT депосының құрылысы басталғаны туралы жазған едік.

Талқылау