ҚТЖ: Қазақстанның жылу орталықтары көмірмен толық қамтамасыз етілген
Жыл сайын Қазақстан Темір Жолы жүйесі арқылы орташа есеппен 100 миллион тоннадан астам көмір тасымалданады. Оның 75 миллион тоннасы ел ішінде, қалғаны экспортқа шығарылады. "Қазақстан Темір Жолы – Жүк тасымалы" ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов "Самұрық-Қазына" АҚ алаңында өткен брифинг барысында алдағы жылыту маусымына көмір жеткізу туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның мәліметінше, Қазақстанның негізгі жылу электр орталығына 47,4 миллион тонна, ал тұрғындар үшін 6,1 миллион тонна қатты отын берілді.
“Биыл 9 айда көмірді тиеу өткен жылмен салыстырғанда 4% өсіп, 76,6 млн тоннаны құрады. Отандық тұтынушылар үшін 53,5 млн тонна көмір тасымалданды, бұл өткен жылдың 9 айымен салыстырған 2% көп. Оның ішінде 47,4 млн тонна көмір ЖЭО-ларға жеткізілсе, қалған 6,1 млн тоннасы тұрғындарға таратылды. Жүк вагондарына келетін болсақ, қазіргі көмір тасымалына 35 мың жартылай вагон жұмылдырылды. Жалпы алғанда, көмір тасымалдайтын вагондар жеткілікті. Барлық іс-шараларды кешіктірмей жүргізіп, көмір тасымалдау маусымы өз уақытында басталды", – деді спикер.
Сондай-ақ, ҚТЖ өкілі еліміздің кейбір аймақтарына көмір жеткізудің кешігу себебін атады.
"Алдымен көмірмен ЖЭО мен тұрғындар қажеттілігі өтеледі. Жоспардан сәл артта қалуымыздың себебі – еліміздің оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді өтінім бере бастауымен байланысты. Сондықтан жоспардан 10 пайызға қалып келеміз. Өйткені оңтүстік өңірлерде салыстырмалы түрде ауа райы әлі де жылы. Ал солтүстік аймақтар коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген", - дейді ол.
Оның айтуынша, еліміздегі барлық жылу электр орталықтары көмір қорымен қамтылған.
"Биыл қыркүйек айында темір жол арқылы 8,8 млн тонна тас көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 3,7% көп. Сонымен қатар 2,7 млн тонна қатты отын ТМД елдеріне экспортқа жөнелтілді. Ал ел ішінде 6,1 млн тонна қатты отын тасымалданды. Өткен жылға қарағанда 5,4% өсу байқалады. Оның ішінде жылу электр орталықтарына 5 млн тонна қатты отын жеткізілді.
Бүгінгі (5 қазан) жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілген. ЖЭО- ға көмір жеткізу жұмысы тәулік сайын бақылауда, ол үшін маршруттар ұйымдастырылған. Сол секілді жүк вагондары да тиісті деңгейде қамтылған", - дейді Қанат Көбесов.
Қанат Көбесовтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда көмірдің тиелуі 315,1 мың тоннаға өскен.
“Негізгі көмір разрездері Павлодар облысында (БогатырьКомир, ЕЭК, МайкубенВест), Қарағанды облысында (АрселорМиттал Теміртау, Шұбаркөл көмір, Қазақмыс), Шығыс Қазақстан облысында (Востокугольпром) орналасқан. Өңірлік тасымалдау бөлімшелері аталған жерлермен тұрақты жедел өзара іс-қимылда болады”, – дейді ол.
Бұнымен қоса, жүк тасымалы директоры орынбасарының жүк жөнелтушілерді өз аумағында көмір тиеу нормаларын сақтауға шақырды. Оның айтуынша, бұл шара "жоғалтқан пайданы" толтыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, "Востокугольпром" ЖШС вагон айналымы 15,6 сағат нормада 18 сағатты құрайды. КТТ берген ашық вагондардың саны 245 бірлік болса, тиеу жұмысы орташа есеппен тәулігіне 227 бірлікті құрады. Яғни, тәулігіне 18 вагон немесе 1260 тонна көмір тиелмей қалып отыр. Жоғалтқан пайда - айына 38 мың тоннаны құрайды.
"Шұбаркөл Көмір" АҚ-да КТТ орташа ашық вагондары берілген кезде 289 бірлік, тиеу 221 бірлікті құрады. Бұл тәулігіне орта есеппен 68 вагон (4760 тонна) тиелмеген. Жоғалтқан пайда – айына 143 мың тонна.
Ұлттық тасымалдаушы көмір разрездеріне жерлерінде көмір тиеу нормаларын сақтау бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұл шара "жоғалған пайданы" орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қанат Көлгінов биыл елімізде көмір тасымалдауда теміржол тарифі қандай болатынын жеткізді.
"Көмір тасымалы бойынша теміржол тарифіне қатысты айтарым, бағаның өсуі болған жоқ және жыл соңына дейін бағаны өзгерту жоспарланбаған. Сондай-ақ, басқа жүктермен салыстырғанда көмір тасымалдау тарифінің ең төмен екенін айтқым келеді. Мысалы, көмірді тасымалдау бағасы қара металды тасымалдаумен салыстырғанда 5 есе төмен, қара металл сынықтары бойынша 4 есе және орман жүктерінен 2,5 есеге арзан", - деді Қанат Көбесов.
Оның айтуынша, ел ішінде көмір тасымалдаудағы көлік шығыны орта есеппен 8 пайызды құрайды. Одан бөлек, спикер көмір тасымалдайтын теміржол вагондары туралы айта кетті.
"Бүгінде ҚР теміржол желісінде ашық вагондар паркі жеткілікті. Ел аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар, олардың 55% қатты отынды тасымалдауға тартылған. Оның ішінде 21 мыңнан астам ашық вагон біздің компанияның еншілесі "Қазтеміртранс" АҚ-ға тиесілі, ол вагондардың 66% көмір тасымалдап жатыр", - дейді ол.
Cонымен қатар, директор орынбасары жазда жылыту маусымына дайындық аясында жылыту маусымыны аясында көмір тасымалдау барысын қадағалайтын арнайы мониторингілік топ құрылғанын атап өтті. Сондай-ақ, жедел штаб жұмыс істейтін болады.
"Жылыту маусымы қарсаңында дәстүр бойынша "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ орталық аппаратында көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб пен жол бөлімшелерінде жедел топтар жұмысын қайта жандандырды. Апта сайын көмір тасымалдаушы мекеме өкілдерінің қатысуымен штаб отырысы өткізіледі. Онда көмір тасымалдау мәселелері қаралады, жүк вагондарының кешігу себебі анықталып, ол бойынша шұғыл шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, биыл темір жол бөлімшелерінде мониторингілік топтар құрылды. Топ мүшелері жалпы еліміз бойынша көмір тиеу мен жеткізуге қатысты ақпарат жинап, сұрыптаумен айналысады. Проблема туындаған жағдайда оның салдарын анықтап, шешім қарастырады", - дейді Қанат Көбесов.
Айта кетсек, биылғы жылы жол бөлімшелерінде мониторингтік топтар құрылды, олар көмір тұйықтарының кірме жолдарында көмірдің болуы туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады, проблемалық мәселелерді анықтайды және оларды бірлесіп шешеді.
"Барлық темір жол қызметтері тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Біз диалогқа және туындаған барлық сұрақтарға жедел жауап беруге дайынбыз", - деп түйіндеді Қанат Көбесов.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
