Қазақстанда қағаз тапшылығы болмайды – Индустрия министрі түсінік берді
Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев кеңсе қағаздарының қымбаттауына байланысты туындаған жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, кеңсе қағаздары елімізге Ресейден бөлек Түркия мен Қытайдан жеткізілетіндіктен, тапшылық болмайды.
"Менің ойымша, Қазақстанда мұндай дефицит болмайды. Біздің негізгі жеткізушіміз бұрынғысынша Ресей Федерациясы, одан кейін Түркия мен Қытай. Қажет болса, егер бір аймақта қандай да бір кедергілер туындаса, бізде қағаз жеткізудің басқа да жолдары бар", - деді Өскенбаев.
Ол Қазақстанда қағаз өндірісі жоқ, бірақ қағаз бумаларын кесетін кәсіпорындардың бар екенін айтты. Мұндай зауыттар Қазақстанда екеу. Ал олардың шикізаттары Ресей, Түркия және Қытайдан әкелінеді.
Журналистер қағаз бағасын шарықтататын дүкендерге тексеріс болады ма деп сұрақ қойды. Министр бұл оның құзыретіне жатпайды деп жауап берді.
- "Қымбат болса да алар едік": Қазақстандықтар дүкендерден кеңсе қағазын таппай жүр
- "Нан тапшылығы сезіледі": Ақтөбедегі наубайханаларда ұн жоқ
"Баға өсіп жатыр, оның себебін білмеймін. Күні кеше менің нұсқауым бойынша Abdi-ге тексеріс жүргізілді, олар қағазды 3000 мың теңгеге сатып жатса, басқалары 5000-ға сатып жатқаны анықталды. Бірақ бүгін таңертең Abdi-де де бағаның өсіп кеткенін жеткізді. Тиісті органдар тексеру жұмыстарын қайта жүргізеді деп ойлаймын", - деді Қайырбек Өскенбаев.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантиров та қағаз мәселесіне қатысты жағдайға түсінік берді.
"Мен кеңсе қағазын өндіруді өзіміз жолға қоя аламыз деп ойлаймын, тек мәселе оның ағаштан жасалатынында, ал бізде Ресейдегідей ағаш көп емес, сәйкесінше олардың өндірісі жақсы жолға қойылған", - деді ол.
Қағазды өзіміз де өндіре аламыз деген министр, ол үшін ағаш ресурстарына қол жеткізу қажет екенін қосып өтті.
Бұған дейін Қазақстанда кеңсе қағаздарының бағасы шарықтап кеткені жазылған. 2021 жылы ішкі нарықта пайдалану үшін Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы жеткізілген. Оның ішінде, 61% – Ресей Федерациясынан, 30% – Түркиядан, 8% ҚХР-дан импортталған.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
