Фото: Қазақстан футзал федерациясы баспасөз қызметі
Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатына шығу үшін плей-офф кезеңінде Италия құрамасымен күш сынасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қос ойыннан тұратын бұл кездесулер 15 пен 24 қыркүйек аралығында өтпек.
Айта кетейік, бірінші ойын сырт алаңда өтеді, ал қарымта матчты қазақстандықтар өз жанкүйерлері алдында қабылдайды. Команданы бас бапкер Рикардо Пауло Кака жаттықтырады.
Италия құрамасы – футзалдан Еуропа чемпионы атағын екі рет жеңіп алған тәжірибелі қарсылас. Бұған дейін қос құрама 2016 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалында жолыққан болатын. Ол кезде Қазақстан Италияны 5:2 есебімен ұтып, жартылай финалға өткен еді.
Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы өз тобында екінші орнын иеленіп, 10 ұпай жинады. Топ көшбасшысы – 16 ұпаймен Армения құрамасы болды.
Қазақстан құрамасы іріктеу барысында Албанияны екі рет жеңді (2:0 және 4:2), Даниядан бір мәрте басым түсті (7:3) және Армениямен тең ойнады (4:4). Алайда, Даниямен (2:3) және Армениямен (2:4) өткен кездесулерде жеңіліске ұшырады.
Еске салайық, 2026 жылғы футзалдан Еуропа чемпионаты 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Словения, Латвия және Литва мемлекеттерінің алаңдарында өтеді.