“Қазақстан Еуропаның маңызды серіктесі”: Тоқаев пен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони кездесті
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони елорда әуежайында кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италия – Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.
"Сізді Қазақстанда қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарымызға тың серпін беруде маңызды, тіпті, шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Италия – Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі. Кешелі-бүгін Астанада Италия бизнесінің көптеген өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз", – деді Тоқаев.
Өз кезегінде Джорджа Мелони бұл басқосу аймақпен қарым-қатынастағы тарихи сәт болатынын атап өтті.
"Сіздің еліңізге алғаш рет келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Өзіңіз айтқандай, екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы. Алайда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Біз Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар қазіргі кезде Орталық Азия өңірі стратегиялық мәнге ие болды. Мемлекеттер басшылары деңгейінде бірінші "Италия – Орталық Азия" саммитін ұйымдастырғаныңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл басқосу аймақпен қарым-қатынасымыздағы тарихи сәт болады деп ойлаймын. Қазіргі сындарлы кезеңде біз үшін барлық деңгейде ынтымақтастық орнату өте өзекті", – деді Италия премьер-министрі.

"Үй тазалап айына 7 миллион теңге табуға болады": Қазақстандық отбасы АҚШ-та клининг саласында жеке кәсіппен айналысады
