Қазақстан дзюдошылары әлем чемпионатының командалық кезеңінде Бразилиядан жеңіліп қалды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Венгрия астанасы Будапештте дзюдодан әлем чемпионатының соңғы күнінде құрамалар арасында жарыс өтуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Турнирдің шешуші кезеңінде аралас командалық жарыстар басталып, Қазақстан құрамасы алғашқы айналымда Бразилия командасымен кездесті.
Өкінішке қарай, қазақстандықтар қарсыластарына айтарлықтай қарсылық көрсете алмады, төрт белдесудің қорытындысы бойынша қарсыластар 4:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан құрамасы бірінші айналымда жарысты аяқтады.
Белдесулердің нәтижесі төмендегідей:
-
Коркем Орынбек – Науано Сильваға 0:1 есебімен жол берді
-
Ермахан Ануарбеков – Рафаэль Маседодан иппонмен жеңілді
-
Акерке Рамазанова – Беатрис Соузаға да иппонмен есе жіберді
-
Еламан Ерғалиев – Рафаэль Бузакаранимен белдесуде 10:0 есебімен алда тұрғанымен, үшінші шидодан кейін жеңілді деп танылды.
Биылғы әлем біріншілігінде ел қоржынына жалғыз күміс жүлдені 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әбиба Әбужақынова алып келді. Ал Қазақстан ерлер құрамасы бұл жарыста бірде-бір жүлде еншілей алмады. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Қазақстан 11-орынға тұрақтады.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
